Мәжіліс сот жүйесін жаңғырту туралы заң жобасын қарап жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламентінің Мәжілісі «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының жобасы бойынша жұмысты бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мәжіліс сот жүйесін жаңғырту туралы заң жобасын қарап жатыр

«Аталған Конституциялық заң жобасы Мемлекет басшысының заң шығару бастамасы тәртібінде Парламент Мәжілісіне енгізілді. Бұл заң жобасы еліміздің сот жүйесін жаңғыртуға бағытталған бірқатар өзгерістер мен толықтыруларды көздейді. Соның ішінде аудандық соттарға жүктемені тұрақтандыру, сот төрелігінің конституциялық тәуелсіздік кепілдіктерін іске асыру мақсатында түзетулер қарастырылған. Комитет бұл заң жобасын жұмысқа алуға дайын», - деді Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіров палатаның жалпы отырысында.

Сонымен қатар, Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот жүйесін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша жұмысты бастады. Осы құжат та Мемлекет басшысының заң шығару бастамасы тәртібінде Парламент Мәжілісіне енгізілді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Президент Мәжілістің қарауына сот жүйесін жаңғыртуға бағытталған заң жобаларын енгізді.

Заң жобалары Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 5 қазандағы Қазақстан халқына арналған Жолдауын іске асыруға, сот жүйесін жаңғыртуға, сот кадрларын жаңартуға және Жоғары Сот Кеңесін институционалдық тұрғыдан нығайтуға бағытталған түзетулерді қамтиды.