Мәжіліс спикері: Өмірдің өзі Қазақстан Парламенті қызметінің тиімділігін танытып отыр
АСТАНА. 28 қараша. ҚазАқпарат - Өмірдің өзі Қазақстан Парламенті қызметінің тиімділігін танытып отыр.
Бүгін Астанада өткен «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н. Назарбаевтың Қазақстанда парламентаризмнің қалыптасуындағы рөлі» атты конференция барысында Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин осылай мәлім етті.
Сөз арасында 1996 жылы алғаш рет кәсіби Парламент алдында Елбасының көтерген мәселелеріне тоқталған спикер Нұрлан Нығматулин, ондағы айтылғандардың әлі де өзекті екенін алға тартты.
«Біріншіден, тұтастай реформалардың заңнамалық топтамаларында нақты кешенділік, өзара келісімділік бар. Екіншіден, Парламенттің заң шығарушылық қызметі реформалар жүргізу мен оларды тереңдетудің жалпы мемлекеттік стратегиясынан туындайтын нысаналы бағдарға ие. Бұл тұрғыда заң шығарушылық жұмысының негізінде «Қазақстан -2030» стратегиясы, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы секілді басқа да тұжырымдамалық құжаттар жатыр. Үшіншіден, барлық заң шығару үдерісі тұтастай жаңартылып отырады. Төртіншіден, әрбір заң жобасы оны жүзеге асырудың жан-жақты, тиянақты тетіктерімен қамтамсыз етіліп келеді. Осыларды ескерсек, өмірдің өзі Қазақстан Парламенті моделі қызметінің тиімділігін танытып отыр», - деді Н. Нығматулин.