Мәжіліс спикері Үкімет жанынан Ұлттық заңнаманы ғылыми-сараптау институтын құру мәселесін көтерді

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Үкіметі жанынан Ұлттық заңнаманың ғылыми-сараптау институтын құры маңызды. Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында, сессияны қорытындылап баяндама жасаған Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов осы мәселені көтерді.

Мәжіліс спикері Үкімет жанынан Ұлттық заңнаманы ғылыми-сараптау институтын құру мәселесін көтерді

«Құрметті Кәрім Қажымқанұлы, құрметті Үкімет мүшелері. Көптеген мамандар мен депутаттар еліміздегі заң шығармашылығы жұмысының деңгейін халықаралық стандарттарға дейін арттыру үшін, Елбасы жүктеген біздің құқықтық жүйемізді бәсекеге қабілетті отыз елдің деңгейіне жеткізу үшін қолданыстағы Конституция аясында бірқатар мемлекеттік шаралар кешенін қабылдау қажет. Олар негізінен Мәжіліске келіп түсетін заң жобаларының 90 пайызына бастама жасайтын Үкіметтің заңнамалық қызметінің сапасын арттыруға бағытталуы шарт. Ал осы кешенді шаралардың бірі қоғам, оның ішінде заңгерлер тарапы біраз жылдар бойы ұсынып келген ұлттық заңнаманың ғылыми-сараптау институтын құру болып отыр. Бұндай институт көптеген елдерде бар. Институт тиімді жұмыс істеуі үшін оны Үкімет жанынан қалыптастырған да абзал», - деді Қабиболла Жақыпов. Бұл ретте аталмыш институтқа құқықтың негізгі салалары бойынша үздік ғалым-заңгерлерді, кәсіби мамандарды, ғылыми кадрларды топтастыру қажеттігін айтқан спикер, бүгінгі таңда министрліктер мен ведомстволар жанында заң шығармашылығымен айналысады деп құрылған институттардың да аз емес екенін айтты. Оларға бюджеттен қомақты қаражат та бөлініп отыр. Алайда, Мәжіліс спикерінің айтуынша, олардың жасаған заң жобаларының сапасы, ғылыми-сараптамалық қорытындылары жақсарта түсуді қажет етеді. «Жаңа институт мемлекеттік құқықтық жүйенің ғылыми дамуын қамтамасыз ететін бірегей орталық ретінде еліміздің басқарылатын және бақыланатын құқық шығармашылығы тұжырымдамасын сапалы қалыптастыруға мүмкіндік берер еді. Ал бүгінгі Әділет министрлігі жанындағы заң шығармашылығы институты өзінің қызмет бағытын толық ақтап отырған жоқ», - деп түйіндейді Мәжіліс Төрағасы.