Мәжіліс спикері Үкіметтен түсетін заң жобаларының сапасын сынға алды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында төртінші сессия жұмысын қорытындылаған Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов Үкіметтен түсетін заң жобаларының сапасын сынға алды.
«Біткен іске сыншы көп» демекші кез-келген жұмыс кемшіліксіз болмайды. Дегенмен, біз атқарылған жұмыстардың табыстылығын көріп қана қоймай, кемшіліктер мен орын алған олқылықтарды да дұрыс бағалауға тиіспіз. Мәселен, біз жыл сайын Үкіметтен келіп түсетін заң жобаларының сапасын арттыру қажеттілігі туралы айтып келеміз. Бұл ретте Үкіметтің заң шығармашылығы жұмысын жетілдіру жөніндегі ұсыныстарымызды толыққанды орындамағанын тағы да айтуға мәжбүрміз», - деді спикер.
Оның сөзіне қарағанда, төртінші сессия барысында Үкіметтен Мәжіліске келіп түскен заң жобаларының 70 пайызы тіркелгенге дейін толықтырылып отырған. Сонымен қатар, палата спикері Мемлекет басшысының тапсырмаларына қатысты Үкімет заң жобаларын Мәжіліске ұсыну мерзімін де бұзып отырғанына назар аудартты. «Талдау көрсеткеніндей, заң жобаларындағы сапаның төмен болуына бірқатар себептер әсер етіп отыр. Мәселен, әзірлеуші салалық министрліктер тарапынан құжатта қамтылатын мәселелерге жеткілікті түрде көңіл бөлінбейді, сол салалардағы қалыптасқан жағдай жіті зерделенбейтінін де айтуға болады. Бұдан бөлек, заң жобалау барысында ықтимал әлеуметтік тәуекелдер дұрыс бағаланып, дұрыс болжанбайды, қоғамдық пікірді есепке алынбай, әлеуетті кәсіби қоғамдастықтарды заң шығармашылығына тарту жағы да кем түсіп отыр», - деді Мәжіліс Төрағасы.