Мәжіліс спикері заң шығару қызметінде депутаттардың рөлін күшейту мәселесін көтерді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында алтыншы шақырылымның алғашқы сессиясын қорытындылаған Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин заң шығару қызметінде депутаттардың рөлін күшейту мәселесін көтерді.

Мәжіліс спикері заң шығару қызметінде депутаттардың рөлін күшейту мәселесін көтерді

«Қазіргі таңда Парламент регламентіне өзгерістер енгізудің қажеттігі туындағанын атап өткім келеді. Ол депутаттардың және депутаттық бірлестіктердің заң шығармашылығы қызметіндегі рөлін күшейтуге бағытталуы керек деп санаймын. Мәселен, Парламентте кез-келген заң жобаларын талқылаулар барысында барлық саяси партиялар фракцияларының, депутаттық топтардың ұстанымын жариялау үшін оларға міндетті түрде сөз берілуі керек», - деді Н. Нығматулин.  

Сонымен қатар, спикер Парламенттің ақпараттық ашықтық мәселесіне де мейлінше назар аударылатынын жеткізді. Бұл үшін Мәжіліс пен Сенаттың отырыстары онлайн режимінде де таралатын болады. «Қос палатаның депутаттары диалог үшін қашанда ашық, азаматтық қоғам және БАҚ-пен ұдайы байланыс орнатуға мүдделі. Депутаттар қоғамды алаңдататын кез-келген тақырыпты, кез-келген сұрақты талқылауға дайын. Біз осы арқылы өзіміз ұсынатын заңдардың маңызын қоғамға жеткізіп қана қоймай, қоғамның көңіл-күйіне де ұдайы назар аударатын боламыз», - деді Мәжіліс төрағасы.