Мәжіліс спиртті ішімдіктерді сату уақытын 15 сағатқа дейін шектейтін заң жобасын мақұлдады
«Заң жобасына сәйкес, күшті алкоголь өнімдерін сату уақыты он сағатқа дейін, яғни мейрамханаларды, дәмханалар мен барларды қоспағанда, кешкі сағат 21-ден бастап, келесі күнгі 12-ге дейін жұмыс және демалыс күндеріне бөлінбестен сатуға тыйым салынады. Бұл негізінен 30 градустан жоғары болатын спиртті ішімдіктерге байланысты болып табылады. Ал күштілігі бұдан төмен алкогольдерге уақыттық шектеулер бұрынғыша түнгі 23-тен таңғы 8-ге дейін тыйым болады», - дейді Б. Сұлтанов.
Бұдан бөлек, заң жобасында спиртті ішімдіктердің сатылу орындарын шектеу мәселелері де көзделеді. Тоқтала кететін жайт, бүгінгі күні базарларда, көтерме сауда базарларында, дүңгіршектерде, сондай-ақ белгіленбеген орындарда алкоголь өнімдерін сатуға тыйым салынған. Ал жаңа заң жобасымен бұған денсаулық сақтау, білім беру, балалар мекемелерінің ғимараттарында, дене шынықтыру-сауықтыру, спорт және спорттық-техникалық құрылыстарда тыйым салынатын болады. Сонымен қатар автожанармай құю стансаларында тыйым салу белгіленеді.
Бұдан басқа, заң жобасында бизнес субъектілерін контрафактілік және заңсыз алкоголь өнімін сатып алудан сақтандыру мақсатында алкоголь өніміне арналған есептік-бақылау таңбаларының төлнұсқалығын айқындайтын құралдарды енгізу көзделеді.
Тұтастай алғанда, заң жобасын әзірлеу еліміздің экономикалық мүдделерін, экономикалық қауіпсіздігін, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау қажеттігінен туындап отыр. Бұл ретте мемлекет этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуі және айналымы процесінде туындайтын құқықтық қатынастар саласындағы қатысушыларға ықпал етудің тиімді тетіктерін иеленуі тиіс.