12:19, 02 Маусым 2009 | GMT +5
Мәжіліс: Сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономикаға қарсы күрес күшейтіледі
АСТАНА. Маусымның 2-сі. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Сыбайлас жемқорлыққа және көлеңкелі экономикаға қарсы күресті күшейту қажет.
Осы мақсатта дайындалған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа және көлеңкелі экономикаға қарсы күресті одан әрі күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті өз қорытындысын берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Заң жобасының мақсаты сыбайлас жемқорлыққа және көлеңкелі экономикаға қарсы күресті күшейтуге бағытталған. Яғни, осы бағыттағы заңнаманы жетілдіру, мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін жауапкершілігін қатаңдату, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туғызатын нормаларды болдырмау көзделіп отыр.Көлеңкелі капиталдың негізгі үлесі салықтарды және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлемеу арқылы қамтамасыз етіледі. Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасы ұйымдардың, декларацияны тапсыру міндетті болған жағдайда, тек жылдық жиынтық табыс туралы декларацияны тапсырмауы арқылы салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтарғаны үшін жауаптылығын көздейді.Заң жобасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту мақсатында ұйымдасқан топтың немесе қылмыстық ұйымның мүддесі үшін жасалған лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдаланғаны, сондай-ақ жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын тұлғаның кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысқаны үшін жауаптылық енгізу көзделді.
Заң жобасы енді Палатаның жалпы отырысының күн тәртібіне шығарылады.