Мәжіліс талқылауына ұсынылған заң жобасында Ата заңға қарсы ешқандай күмәнді жәйттер жоқ - Р.Сәрпеков

АСТАНА. 3 ақпан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Мәжіліс депутаттары жаңа заң қабылдаған сайын оның Ата заңымыздың талаптарына сәйкестігін басшылыққа аламыз.

Мәжіліс талқылауына ұсынылған заң жобасында Ата заңға қарсы ешқандай күмәнді жәйттер жоқ - Р.Сәрпеков

Бүгінгі Мәжіліс депутаттарының талқысына түсіп отырған екі бірдей конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу де осы тәртіппен жүзеге асырылды», - деді бүгін Парламент Мәжілісінің депутаты Рамазан Сәрпеков.

Отырыс барысында ол аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін, негізгі принциптер мен нормаларды белгілейтін заңдар қабылданған уақытта ол дер кезінде халықтың назарына жеткені орынды екендігін айтты. «Қабылданған заңдардың мақсаты, қандай қоғамдық қатынастарды шешетін жүйелері барша жұртқа түсінікті болуы керек. Ал оны түсіндіруге осы отырған біздер - депутаттар міндеттіміз»,-деді Р.Сәрпеков.

Сондай-ақ ол сөзінде кеше ғана Елбасы Парламент қабылдаған Қазақстан Республикасы Конституциясына Президенттің кезектен тыс сайлауын тағайындау және өткізу тәртібі мен мерзіміне қатысты заңға қол қойғандығын атап көрсетті. «Ал, қазір біздің талқылауға түсіп отырған «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» және «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Заңдарға толықтырулар мен өзгерістер енгізуді көздейтін заң жобасы кеше ғана қабылданған заңның іске асуына мүмкіндік беретін нормаларды қарастырып отыр. Президенттің кезектен тыс сайлауы Республика Президентінің шешімінен тағайындалады және ол тағайындалған күннен бастап 2 ай ішінде өткізіледі. Кезектен тыс сайлау «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Заңда белгіленген тәртіппен өткізіледі. Атап айтқанда осы заңның ерекше бөлімінің 10-тарауында Қазақстан Республикасы Президентін сайлау тәртібін қарастырған. Сайлау іс-шараларын өткізу мерзімін Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы айқындайды»,-деді халық қалаулысы.

Сонымен қатар депутат өз сөзінде жалпы отырыстың қарауына ұсынылған заң жобасы жұмыс тобында жан-жақты талқыланып, талқылау барысында депутаттармен қатар Жоғарғы сот, Бас прокуратура, Орталық сайлау комиссиясы, Әділет министрлігі және де басқа мемлекеттік органдарының жауапты лауазымды тұлғалары қатысып, олардың пікірлері тыңдалғандығын жеткізді. «Ата Заңға қарсы ешқандай күмәнді жәйттер жоқ», -деді депутат.