Мәжіліс теміржол жолаушылар көлігіне қатысты түзетулер енгізуді көздейтін заң жобасын қарауға кіріседі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісі теміржол жолаушылар көлігіне қатысты түзетулер енгізуді көздейтін заң жобасын қарауға кірісті. Бүгін Палатаның жалпы отырысында аталған заң жобасы бойынша жұмыс істеп, қорытынды әзірлеу міндеті Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетіне жүктелді.

Мәжіліс теміржол жолаушылар көлігіне қатысты түзетулер енгізуді көздейтін заң жобасын қарауға кіріседі

Айта кету керек, «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне теміржол жолаушылар көлігі мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын Үкімет жуырда Мәжілістің қарауына ұсынған болатын. Заң жобасы ҚР Президентінің 2014 жылғы 13 қаңтардағы № 725 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы көлік жүйесінің инфрақұрылымын дамытудың және ықпалдастырудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын іске асыру үшін әзірленген.

Әзірлеушілердің пайымдауы бойынша, заң жобасының мақсаты - ұзақ мерзімді негізде жеке инвестицияларды тарту арқылы теміржол жолаушылар тасымалын мемлекеттік реттеудің және ұйымдастырудың бірыңғай жүйесінің жұмыс істеуіне құқықтық негіз жасау.

Заң жобасында бірқатар маңызды мәселелер қамтылған, соның ішінде инвестицияларды тарту есебінен теміржол жолаушылар вагондары паркінің тозу дәрежесін төмендету, әлеуметтік маңызы бар қатынастарда жолаушылар тасымалына бағаны мемлекеттік реттеу тиімділігін арттыру көзделіп отыр.

Жаңа заң жобасымен «Қазақстан Республикасындағы көлік туралы», «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» және «Теміржол көлігі туралы» қолданыстағы заңдарға өзгерiстер мен толықтырулар енгізіледі.

Енді Палатаның қабылданған қаулысына сәйкес Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті жұмыс тобын құрады, заң жобасы жұмыс тобының отырыстарында талқылаудан өтеді деп күтілуде.