Мәжіліс теңгемен салынған депозитке кепілдендірілген төлемді 5-тен 10 млн. теңгеге өсіру туралы норма қабылдады
АСТАНА. ҚазАқпарт - Мәжіліс теңгемен салынған депозитке кепілдендірілген төлемді 5-тен 10 млн. теңгеге өсіру туралы норма қабылдады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов айтты.
«Елбасы Үкіметтің кеңейтілген отырысында халықтың көкейінде жүрген көптеген сұрақтарға, қордаланған мәселелерге жауабын берді. Ең біріншісі, ел ойында жүрген теңге бағамының күрт ауытқуы бола ма, болмай ма, деген сұраққа толық жауап алды. Мемлекет басшысы теңге бағамының күрт ауытқуын болдырмаймыз деп айтты. Енді осыны пайдаланып, өзіміздің кәсіпкерлікті, жалпы экономикамызды дамытуымыз керек», - деді депутат.
Оның атап өтуінше, осыған байланысты Парламент Мәжілісінде теңгемен салынған халықтың депозитіне берілетін кепілдендірілген төлемді 5 миллион теңгеден 10 млн. теңгеге өсіру туралы норма қабылдаған.
«Бұл да, меніңше, өзіміздің ұлттық валютаға деген үлкен қолдау, зор сенім. Бәріміз де қолданыстағы ұлттық валютамызды қолдауымыз керек. Сол арқылы төлем жасауымыз, салымдарымызды теңгемен сақтауымыз қажет деп олаймын», - деді Н.Сабильянов.