Мәжіліс терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылды жақсартуға қатысты құжатты мақұлдады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Заң жобасы кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылдың ұлттық жүйесін жақсарту, сондай-ақ ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобының халықаралық стандарттарын іске асыру мақсатында әзірленді (ФАТФ).
Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы, депутат Марат Құсайыновтың айтуынша, заң жобасымен 2007 жылғы 12 қаңтардағы «Сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдері туралы», 2009 жылғы 28 тамыздағы «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы», 2014 жылғы 16 мамырдағы «Рұқсаттар және хабарламалар туралы», 2015 жылғы 24 қарашадағы «Ақпараттандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
Заң жобасының негізгі бағыттары:
1. Қазақстан Республикасының жария лауазымды адамдар жүзеге асыратын ақшамен және өзге мүлікпен операциялар бойынша тиісті бақылауды заңнамалық деңгейде белгілеу болып отыр. Бұл норма қаржылық ашықтыққа қол жеткізуге және саяси маңызы бар лауазымды адамдардың сеніп тапсырылған өкілеттіктерін пайдалануына байланысты құқық бұзушылықтардың ықтимал жолын кесуге бағытталған;
2. Цифрлық активтерді шығаруды, олардың сауда-саттығын ұйымдастыруды, сондай-ақ цифрлық активтерді ақшаға, құндылықтарға және өзге де мүлікке айырбастау бойынша қызметтер көрсетуді жүзеге асыратын адамдарды қаржы мониторингі субъектілеріне жатқызу.
3. Мекеменің заңды иесі туралы мәліметтердің ашықтығын (тікелей немесе жанама) белгілеу мақсатында Қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімінің деректеріне қол жеткізуді ұсыну.
Бұған қоса, ФАТФ ұсынымдарын толық имплементациялау мақсатында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен және ҚР Ұлттық банкімен келісім бойынша қаржы мониторингінің белгілі бір субъектілерінің (қаржы ұйымдарының) бенефициарлық меншік иелері туралы мәліметтерді ұсыну нысанын белгілеуді көздейтін қаржы мониторингі уәкілетті органының түзетулері ұсынылады.
Талқылаудан кейін палата депутаттары аталған құжатты мақұлдады.
Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин қылмыстық жолмен алынған кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қылмыскерлер тарапынан әрекет жасауы бүкіләлемдік проблема екенін атап өтті.
«Оны болдырмау үшін және алдын алу бағытында әрқашан қажетті әрі тиімді іс-шараларды қолға алу керек. Сол үшін Парламент депутаттары өздері бастамашы болып, осы заң жобасын әзірледі. Бұл өз кезегінде аталған қылмысқа қарсы мемлекеттік органдардың қызметін күшейтуге және нәтижесін арттыруға жаңа мүмкіндік береді деп сенеміз», - деді Н. Нығматулин.