Мәжіліс терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі заң жобасына қатысты келісім комиссиясын құруды ұсынды
АСТАНА. Қаңтардың 27-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Парламент Сенаты енгізген өзгерістерді талқылады. Нәтижесінде қос палата арасындағы келіспеушіліктерді еңсеру үшін келісім комиссиясын құру туралы шешім қабылданды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған заң жобасы 2007-2011 жылдарға арналған Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы ережелерін орындау мақсатында әзірленген. Заң жобасы бұрын террористік қылмыс жасаған адамдарға ескіру мерзімдерін қолдануға тыйым салуға, экстремистік немесе террористік ұйымның өз атауын өзгерту фактісін соттың анықтау тетігін бекітуге бағытталған. Сонымен бірге құжатта БАҚ-тарда терроризмге қарсы операциялардың техникалық тәсілдері мен тактикасын ашатын мәліметтерді таратуды шектеуге, лаңкестікке қарсы операцияның құқықтық тәртібін реттеуді жетілдіруге бағытталған шаралар көзделеді. Бұдан басқа, жобада қамтылған өзгертулердің бір парасы әлі болмаған террористік қауіптердің алдын алуға қатысты болып табылады.
Мәжіліс мақұлдаған заң жобасына сенаторлар шетелдік немесе халықаралық ұйымды экстремистік немесе террористік деп тану туралы іс жүргізу шеңберінде соттың осындай ұйымдардың атауларын өзгерту фактісін анықтау тәртібін қарастыру шараларын ұсынған болатын. Бұдан басқа, терроризмге қарсы операцияға қатысатын адамдардың мүмкіндіктерін негізсіз тарылтуды болдырмау мақсатында азаматтардың тұрғын үй-жайларына террористердің ізіне түскен кезде ғана кіруге болады деген қағиданы алып тастау қарастырылды. Сондай-ақ жүргізілген іс-қимылдардың заңдылығын тексеру үшін тұрғын үйге кіру фактілері туралы хабарламаны 24 сағат ішінде прокурорға жіберу туралы норма толықтырылды.
Мәжіліс бірқатар түзетулер бойынша өз ұстанымдарын білдіретін болады.