Мәжіліс «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.
None
None

«Заң жобасы ҚР Президенті Н. Назарбаевтың «Қазақстан жолы - 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауы аясында, сондай-ақ Мемлекет басшысының мезеттік төлемдер жүйесі операторларының қызметін реттеу мәселесін пысықтау жөніндегі тапсырмаларын орындау үшін әзірленді. Жұмыс тобына 200-ден астам ұсыныстар келіп түсті.  Осы заң жобасы бойынша келіп түскен ұсыныстар мүдделі министрліктер, ведомстволарға, сондай-ақ бірқатар үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобының отырысында және комитеттің кеңейтілген отырысында қаралды», -деді жалпы отырыс барысында баяндама жасаған Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Дания Еспаева.

Халықаралық стандарттарды ескере отырып, төлем жүйелерін ұйымдастыру және олардың жұмыс істеуі, төлем қызметтері нарығын реттеу мәселелері бойынша құқықтық ережелерді бекіту, сондай-ақ қолданылатын халықаралық тәжірибеге сәйкес, төлемдер мен аударымдар саласындағы нормаларды жетілдіру қажеттілігі заң жобасының мақсаты болып табылады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Ұлттың банкі төрағасы Данияр Ақышевтың айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстанның төлем нарығында күрделі құрылымдық өзгерістер орын алып, нарыққа жаңа банктік емес ойыншылар келуде, жаңа буын төлем қызметтері де пайда болып жатыр. Ал халықаралық стандарттардың енуі нәтижесінде  төлем жүйесінің тәсілдері де өзгеріске ұшыраған. «Осыған байланысты төлем нарығының жұмыс істеуі саласында құқықтық негізді құру және қарым қатынастар кешенді реттеу, сондай-ақ төлемдер мен ақша аударымдар рәсімдері бойынша нормаларды жетілдіру мақсатында жаңа заң жобасын әзірлеу қажеттілігі туындады», - дейді ҰБ төрағасы.

Бұдан бөлек, заң жобасы төлем қызметтерін тұтынушылардың мүдделерін қорғауға бағытталады. Жалпы заң жобасын қабылдау төлем нарығының айқындылығын едәуір арттыруға, жаңа ойыншылардың қызметін реттеуге, төлем жасау барысын оңтайландыруға, соңғы тұтынушылардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар