17:56, 06 Наурыз 2009 | GMT +5
Мәжіліс Төрағасы әйел депутаттарды төл мерекесімен құттықтады
АСТАНА. Наурыздың 6-сы. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджанов Палатаның депутат әйелдерін төл мерекелерімен құттықтады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Мәжіліс Төрағасы өз сөзінде: «Сіздерді наурыздың 8-і - көктемнің алғашқы мерекесімен құттықтаймын! Сіздер мерекеде ғана емес, әр күні өздеріңіз бізге мерекесіздер. Сіздер ойларыңызбен әлемді тербетесіздер. Адамзат баласына өмір сыйлаушы әйел-анаға қандай құрмет жасасақ та, қандай арнау сөз айтсақ та жарасымды», - деді. Республиканың жоғары заң шығарушы органында халықтың, Президенттің сеніміне ие болып, Тәуелсіз мемлекеттің іргесін қаласып отырған нәзік жандылардың айырықша еңбегін атап өткен төраға он сегіз депутат әйелге төл мерекесінде денсаулық, бақыт, еңбектеріне табыс тіледі. Дәл осы күні Мәжіліс Төрағасының орынбасары Сергей Дьяченко Палата Аппаратындағы қызметкер әйелдерді Халықаралық мерекесімен құттықтады.