Мәжіліс Төрағасы балалар үйінің тәрбиеленушілерімен кездесті
АСТАНА. Қыркүйектің 25-і. ҚазАқпарат. Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы, «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі Орал Мұхамеджанов Қарағанды облысының Балқаш қаласындағы отбасылық типтегі балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан жеткіншектермен және олардың тәрбиешілерімен кездесті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мемлекеттің ең жоғарғы заң шығарушы орнында өткен бұл кездесуде балаларға Мәжіліс Төрағасы: «Қоғам ілгерілеу үшін бала өз ата-анасынан оза шауып жүруі керек»,- деп әңгіме бастап, Палатаның құрамымен және онда атқарылып жатқан істермен таныстырды. Мемлекетіміз жастарға үлкен сенім артып отырғанын, енді олардың сол сенім үдесінен шығатынына үміт ететінін жеткізді.
Мәжіліс Төрағасының ағалық, әкелік қамқорлықпен айтқан сөздерін зерделеріне тоқыған балалар кезектесе сөйлеп, өз пікірлерін ортаға салып, Отанының астанасына алып келіп саяхат жасатып отырған халық қалаулысы Ерлан Нығматулинге алғыс білдірді.