Мәжіліс төрағасы балаларын гаджеттермен алдайтын ата-аналарды сынады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин палатаның жалпы отырысында балаларын гаджеттермен алдайтын ата-аналарды сынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мәжіліс төрағасы балаларын гаджеттермен алдайтын ата-аналарды сынады

«Біз қазір бейінді комитетпен балаларға ақпараттық қолжетімділікті шектеу бойынша заң жобасымен жұмыс істеудеміз. Осы орайда жеткіншектердің планшеттерге, айпадтарға және басқа да құрылғыларға қолжетімдігіне қатысты көп мәселелер бар. Балалар жастайынан кітап оқығанның орнына планшеттермен отырады. Ал жас ата-аналар  баласы мазаларын алмас үшін бетінен қақпай сұрағанын береді. Балалар қолына берген құрылғымен таңнан кешке дейін отырады. Кейіннен бес жастағы баланың көзі нашар көретіндігі және басқа да проблемалары анықтала бастайды. Сонымен қатар ертең Денсаулық сақтау министрігі еліміздің заңнамасында тыйым салатын норманың жоқтығын алға тартатын болады», - деп атап өтті Н. Нығматулин «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жарнама мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасын талқылау барысында.

Заң жобасына сәйкес, 5 кодекске және 9 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделіп отыр. Жарнама саласында алғаш рет уәкілетті орган (ҰЭМ) мен реттеуші мемлекеттік органдар (АКМ, ИДМ, ІІМ, ДСМ) айқындалды. Реттелетін құқықтық қатынастардың жан-жақтылығын ескере отырып, «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» және «Өзін-өзі реттеу туралы» заңдарға ұқсас жарнама саласында уәкілетті және реттеуші мемлекеттік органдарды айқындап алу ескерілді.