Мәжіліс төрағасы депутаттардың өңірлерге сапарының нәтижесін айтты
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сайлаушыларымыз көтерген мәселелердің бірде-бірі қараусыз қалмайды. Бұл туралы AMANAT партиясының кезектен тыс съезінде Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов мәлім етті, деп хабарлайды Ақорда.
«Қазіргі жағдайда депутаттардың халықпен тығыз байланысы алдыңғы орында тұр. Сіздің тапсырмаңызға сәйкес, Фракция өзінің өңірлердегі жұмыс форматын қайта қарады. Күні кеше біз өңірлерге барып келдік. Қоғамдық пікір лидерлерімен, сарапшылармен, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарымен, сондай-ақ конструктивті оппозиция өкілдерімен кездесулер өтті. Кездесу барысында әлеуметтік қолдау, кедейшілікпен күрес, бағаның өсуі, жұмыспен қамту мәселелері, сондай-ақ тұрғын үй проблемалары жиі көтерілді. Сумен жабдықтау, мелиорация, трансшекаралық өзендер проблемалары да тұрғындарды алаңдатып отыр. Бұл мәселе бойынша сәуір айында Парламенттік тыңдау өткізуді жоспарлап отырмыз», - деді Е. Қошанов.
Оның айтуынша, жергілікті жолдар мәселесі мен агроөнеркәсіп кешеніндегі бірқатар өзекті проблемалар көптеген өңірде әлі де шешімін тапқан жоқ. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.
«Қоғамдық орындарда, аулаларда, базарларда жастармен, оның ішінде мамандықсыз, жұмыссыз жүрген жастармен әртүрлі форматтағы кездесулер өткізілді. Депутаттар мемлекет тарапынан ұсынылып отырған мүмкіндіктер мен бағдарламалар туралы жастарға егжей-тегжейлі түсіндірме берді. Олардың да пікірі назарға алынды. Жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірлесе отырып, бұл проблемаларды одан әрі шешу жолдары қарастырылды. Қазірдің өзінде жастармен жұмыс істеуде және волонтерлік қызметте айтарлықтай тәжірибесі бар жас депутат әріптестерімізден тұратын топ құрылуда. Олар осы бағдарламалар мен жастардың арасын жалғастыратын «көпір» болады», - деді Мәжіліс төрағасы.
Сонымен қатар, қаңтар оқиғасы кезінде ұсталған азаматтармен және олардың туған-туысқандарымен, адвокаттарымен кездесулер болды.
«Кездесулер барысында олардың арыз-шағымдары тыңдалып, құзырлы органдардың назарына жеткізілді. Бұл мәселе депутаттардың бақылауында болады. Депутаттардың әлеуметтік желілер арқылы халыққа алда болатын сапарлары туралы ақпарат беріп отыруы жұмыстың тиімділігіне оң әсер етті. Соның нәтижесінде, біз өңірлерде жұмысты барынша дәл ұйымдастыра алдық және қоғамның сұранысына жедел назар аударып, алдын ала әрекет еттік. Мақсат біреу – сайлаушылармыз көтерген мәселелердің бірде-бірі қараусыз қалмайды. Заңнамалық реттеуді талап ететін мәселелер депутаттық бастамалар аясында қаралады. Сонымен қатар, депутаттар жекелеген өңірлерде шұғыл мәселе туындаған жағдайда мән-жайды анықтау үшін жедел іссапарға шығуды практикаға енгізетін болады», - деді Ерлан Қошанов.