Мәжіліс төрағасы депутаттардың сайлаушылармен кездесу кезіндегі негізгі міндетін атады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов сайлаушылармен кездесу кезінде депутаттардың негізгі міндетін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәжіліс төрағасы депутаттардың сайлаушылармен кездесу кезіндегі негізгі міндетін атады

«Кеше Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы уақытқа дейін қордаланған бірқатар проблемаға қатысты ащы сын айта отырып, нақты міндеттер жүктеді. Осы міндеттің ең бастысы – еліміздің экономикалық әлеуетін қалпына келтіріп, халықтың табысын, әл-ауқатын арттыру. Бұл мақсатқа жету үшін Президент жұрттың бизнеспен айналысуына тең жағдай жасау, еңбек етуге қолайлы жұмыс орындарын ашу, тұрғын үй мен денсаулық мәселелерін шешу, инфляцияны ауыздықтау, қосымша қаражат көздерін қарастыру, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту сияқты басқа да бірқатар басты бағыттарды атап өтті. Осы орайда Мемлекет басшысы шынайы нәтижеге жету жолдарын көрсетті. Сонымен бірге орын алған келеңсіздіктерге тоқталып, елімізде қарызға батқан азаматтар мен кедей адамдардың көбейіп бара жатқанын атап айтты», - деді Е. Қошанов Мәжілістің жалпы отырысында.

Осы орайда Мәжіліс төрағасы Президенттің ескертулерінен қорытынды шығару керек екенін жеткізді.

«Жастар арасында адал еңбек етіп, жетістікке жетуден үміт үзіп, қол қусырып отыратын үрдіс пайда болғаны да айтылды. Біз әрқайсымыз осы айтылғандардан тиісті қорытынды шығарып, әрекет етуіміз қажет. Өз кезегімізде барлық әлеуметтік-экономикалық тапсырмаларды тиісті сапалы заңдармен қамтамасыз етуге жұдырықтай жұмылуымыз керек. Сонымен бірге, енді бір аптадан кейін барлығымыз сайлаушылармен кездесу үшін аймақтарға шығатын боламыз. Сол кезде осы нақты қадамдарды әрбір сайлаушыға, әрбір азаматқа жеткізуіміз қажет. Ел игілігіне қызмет ету – ол баршамыздың басты парызымыз», - деді Ерлан Қошанов.