Мәжіліс төрағасы «домбыра-харам» дегендерге жауап берді: Халықты адастыруға жол бермеуіміз керек

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Аманжол Әлтай орта мектептерде ән-күй сабағында домбыра аспабын үйретуді оқу бағдарламасына енгізуді ұсынды. Осы орайда ол Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенованың атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ұлттық этникалық төлтума мәдениетіміздің шырақшысы – Қазақтың қасиетті қара домбырасы. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Домбыра күніне арналған салтанатты жиында: «Қазақ пен домбыра – егіз ұғым. Баршамызға ортақ құндылық – домбыраны жан-жақты насихаттап, жас ұрпақтың санасына сіңіру өте маңызды» - деп асыл құндылымызға мән беруге шақырды. Өкінішке қарай, бүгінгі қоғам арасында, әлеуметтік желілерде осы халқымыздың арда болмысын ардақтайтын домбыра аспабына деген шабуылдар, ұлттық дүниетанымымызға жат қауіпті пікірлер көбейіп барады. Әсіресе, діни жат ағымдардың жетегінде кеткен кейбір Қазақстан азаматтары жұртты адастыратын теріс пікірлер таратуда. Бұған әлеуметтік желіде желдей есіп жүрген «Домбыра – харам» деген секілді адам шошытар алып-қашпа сөздер дәлел. Домбыра – тарихи санамызды жаңғыртуға жол ашатын қайталанбас асыл құндылығымыз. Домбыра – бүгінгі жас ұрпақты мейірімділік пен парасаттылыққа, адалдық пен Отансүйгіштікке, қайсар намысқа баулиды», - деді А. Әлтай.

Оның пайымынша, домбыра аспабы – Қазақ сөзінің баламасы, Ұлт деген ұғымның мазмұнын ашатын мәнге ие. Себебі, халқымыздың арман-мұраты, ұлттық тәлім-тәрбиесі, төлтума мәдениеті, дүниетанымы – осы қасиетті домбыра арқылы көрініс табады.

«Ендеше, домбыраға тиісу – ұлтқа тіл тигізу, төлтума мәдениетімізді қорлау, өткен тарихымыз бен бүгінімізге көлеңке түсіру деп қабылдаймыз. Домбыра – қазақтың кеудедегі жаны мен ақ дидарындағы ары, намысы мен мінезі, ата-бабаларымыздың аманаты. Азаттығымның, қазақтығымның бойтұмарындай қасиетті домбыраға тіл тигізуге, қорлауға жол бермейік, армен де, заңмен де қорғай білейік», - деді депутат.

Бұл тұрғыда ол білім беретін орта мектептерде ән-күй сабағында домбыра аспабын үйрету оқу бағдарламасына енгізілуі керек екенін айтты.

«Бұқаралық ақпарат құралдарында, радио және телеарналарда домбыра аспабының құндылығын ашатын ән-күй, жыр-терме, айтыс өнерлері көбірек насихатталсын. Дін істері жөніндегі өкілетті орган теріс ағым жетегінде кеткен адамдармен жұмыс жүргізуді күшейтуі тиіс», - деді Аманжол Әлтай.

Өз кезегінде Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бұл мәселе орынды көтеріліп жатқанын айтты.

«Менің ойымша, «домбыра- харам» деп жүргендер ғасырлар бойы қолынан домбырасын тастамаған бабаларымызды «күнәхар» қылғаны ғой?! Сондықтан халықты адастыруға жол бермеуіміз керек. Депутат өте орынды сауал жолдап отыр», - деді Е. Қошанов.

Жақында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы әлеуметтік желілерде ұлттық салт-дәстүрлерге қатысты тараған видеоларға түсінік берді.

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы әлеуметтік желі қолданушыларын «домбыра шерту, беташар жасау, сәлем салу – харам» деген мағынада біржақтама, негізсіз пікір айтып, халық арасында түсінбеушілік тудырмауға үндейді. Ұлттық құндылықтарға қарсы келу дұрыс емес екенін мәлімдейміз», - делінген ҚМДБ мәлімдемесінде.

Соңғы жаңалықтар