Мәжіліс Төрағасы «Хатынь» мемориалдық кешенінде болып, соғыс құрбандарына тағзым етті

АСТАНА. 25 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін, 25 қазан күні Беларусь Республикасында ресми сапармен жүрген ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов «Хатынь» мемориалдық кешенінде болып, Ұлы Отан соғысының құрбандарына тағзым етті. Естелік кітабына қолтаңба қалдырды,

Мәжіліс Төрағасы «Хатынь» мемориалдық кешенінде болып, соғыс құрбандарына тағзым етті

деп хабарлайды Мәжілістің баспасөз қызметі.

«Хатынь» мемориалдық кешені Ұлы Отан соғысы кезінде қаза тапқан 3 миллиондай беларустың рухына тағзым жасау үшін орнатылған ескерткіш. Ол Минск қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 54 шақырым жерде.

1943 жылдың қасіретті күніне дейін Хатынь 26 үйден тұратын, бейбіт өмір сүріп жатқан беларустердің шағын деревнясы болды. 22 наурыз күні таңертең партизандар деревнядан 6 шақырымдай жерде өтіп бара жатқан немістің автоколоннасына оқ атады. Атыс барысында неміс офицері өледі. Содан кейін жазалаушы отряд Хатынь аулын қоршауға алады. Олар қарияларды, әйелдер мен балаларды айдап әкеліп, қамбаға қамап, сыртынан от қояды. Осы өртте 149 адам опат болды, соның ішінде 75-і бала болатын.

Отқа оранған қамбаның ішінен бір-ақ адам тірі шыққан. Ол 56 жастағы Иосиф Каминский еді. Ол өзінің жаралы баласын да алып шығуға күш салады, бірақ баласының өмірін сақтап қала алмады.

Хатынь тарихы жалғыз оқиға емес. Ұлы Отан соғысы кезінде беларустердің 628 деревнясы тұрғындарымен бірге тірілей өртелген! Оның 186-сы қайтадан қалыпқа келтірілген жоқ, жермен жексен болды.