Мәжіліс төрағасы министрлерді қарызды қайтару міндеті туралы ойлануға шақырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Қазақстанның мамандары атқара алатын жұмыстарға шетелдік кеңесшілерді шақыртуды доғару керектігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәжіліс төрағасы министрлерді қарызды қайтару міндеті туралы ойлануға шақырды

«Қаржысы тиімсіз жұмсалған займдар аз емес. Ұсынылған есепке қарасақ, қарызға алынған ақша министрліктің тікелей функционалдық міндеттемелеріне жұмсалған. (...) Сіздерге тиісті шараларға АҚШ және ЕО-дан мамандарды тартудың қажеттігі қанша? Бақыт Тұрлыханұлы (Қаржы министрі - ред.) сізден артық жұмысты кім бағалай алады?», - деді Н. Нығматулин Мәжілістің жалпы отырысында министрге қарата айтқан сөзінде.

Оның сөзіне қарағанда, Қаржы министрлігі шетел мамандарын ведомствоның қызметкерлерін полиграфологиялық зерттеу үшін тартқан. Дегенмен де бұл жұмысты құқық қорғау органдары да атқаруға қауқарлы.

«Неге олардың көмегіне жүгінбедіңіздер, яғни шетел мамандарын тартудың қажеті қанша?», - деп сұрады Мәжіліс төрағасы.

Н. Нығматулиннің пайымынша, министрлік өз күшімен бағынышты құрылымдық бөлімшелерінің жұмысындағы тиімділік көрсеткіштерін әзірлеуге әбден қауқарлы.

«Тұтас аппараттар мен министрліктер бізде бар. Алайда займдық ақшаны пайызбен алып, шетелдік мамандар шақыртылып жатады. Енді бұл қаржыны қалай қайтарамыз?», - деді Нұрлан Нығматулин.

Мәжілістің жалпы отырысында, Есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова меморгандар мен ұлттық компанияларға шетелдік мамандарды тартуды қысқарту ұсынысын жасады.

«Меморгандар мен ұлттық компаниялар халықаралық кеңесшілерді тартуға қомақты қаржыны жұмсауды жалғастырып келеді. Олардың еңбекақасы жергілікті мамандардан 3-4 есе асып түседі. Сонымен бірге олардың еңбекақысын реттеу бойынша нормативтік-құқықтық база жоқ. Осы орайда сарапшыларды тарту бойынша бірыңғай орталықты құру жолымен халықаралық кеңесшілер қызметтеріне шығыстарды оңтайландыру жөн болар еді», - деді Н. Годунова.