Мәжіліс төрағасы Орал Мұхамеджанов ардагерлерді Ұлы Жеңістің 65 жылдығы мерекесімен құттықтады
әуірдің 26-сы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Мәжіліс төрағасы Орал Мұхамеджанов Ұлы Отан соғысының ардагерлерін алда келе жатқан Ұлы Жеңістің 65 жылдығы мерекесімен құттықтады,
деп хабарлайы ҚазАқпарат.
«Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының парламенттік фракциясы Ұлы Отан соғысының ардагерлерін Мәжіліске шақырып, мерекелік шара ұйымдастырған болатын. Оның барысында ардагерлер Мәжіліс ғимаратын аралап, спикермен естелік суретке түсті. Сондай-ақ ардагерлерге арналып дастархан жайылып, олар Астана қалалық филармониясының өкілдері дайындаған арнайы мерекелік бағдарламаны тамашалады. Онда Ұлы Отан сығысы жылдарындағы оқиғалар бойынша көрініс қойылып, соғыс жылдарындағы әндер шырқалды.
Ардагерлерді Мәжіліс төрағасы Орал Мұхамеджанов құттықтады.
«Біз Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында сіздерді Парламентке шақырып, өзіміздің атымыздан, бүгінгі ұрпақтың атынан сіздерге деген құрметімізді білдіргіміз келді. Бүгінгі ұрпақ сіздердің жанкештілікті ерліктеріңіздің арқасында келген бейбіт те тыныш заманда өмір сүріп жатыр. Адамзат баласына орны толмас қасірет әкелген соғыс қаншама халықты қырғынға ұшыратып, қаншама елді қанға бөктірді. Олардың ішінде ең үлкен ауыртпалықты Кеңес Одағының мемлекеттері көрді. Ұлы Отан соғысында 27 миллион адам мерт болды. Ал Қазақстан бұл жеңіске өзінің лайықты үлесін қосты. 1 миллион 700 мың қазақстандық жұмылдырылып, олардың 1 миллион 200 мыңы әскери әрекеттерге қатысты. Олардың жартысы сол соғыстан оралған жоқ. 500 қазақстандық ең жоғары атақ - Кеңес Одағының Батыры атанды. Ұлы Жеңіске тыл еңбеккерлері де өлшеусіз үлес қосты. Олардың барлығының есімі біздің жадымызда. Қазақстан соғыс жылдарында 1,5 миллион қоныс аударушыларды қабылдады. Олардың арасында үркіншілікке ұшыраған халықтар да болды. Олардың барлығы күні бүгінге дейін Қазақстанда тұрып жатыр», деді спикер.
Осыған қарай ардагерлерді келе жатқан мерекемен құттықтаған төраға «Біз сіздерге үлкен алғысымызды білдіреміз. Егер сіздердің жеңіске ұмтылыстарыңыз, батырлық пен жанкешті еңбектеріңіз болмағанда бүгінгі ұрпақтың болашағы бұлыңғыр болар еді. Сол үшін де біз сіздерді қашанда қадір тұтып, құрметтейміз», деді О.Мұхамеджанов.