Мәжіліс Төрағасының орынбасары «Самұрық-Қазына» қорының бірнеше бағыттарға назар аударуы туралы пікір білдірді

АСТАНА. Сәуірдің 28-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Бүгін Мәжілісте «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Басқармасының төрағасы Қайрат Келімбетовтің аталған қордың жұмысы жайлы хабарламасы тыңдалғаннан кейін ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Жәнібек Кәрібжанов қорытынды сөз сөйледі,

Мәжіліс Төрағасының орынбасары «Самұрық-Қазына» қорының бірнеше бағыттарға назар аударуы туралы пікір білдірді
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Астана қаласын дамыту мәселелері бойынша кеңесінде айтылған нақтылы тапсырмалары мен бүгінгі отырыста қозғалған мәселелерді ескеріп, "Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қорының" басшылығы келесі бағыттарға назар аударса дейміз. Біріншіден, үлескерлік құрылыс мәселелерін шешу және мемлекет бөлген қаражаттардың құрылыс компанияларына жеткізу жолдарын жеделдету. Екіншіден, азаматтарға ипотекалық кредиттерді, шағын және орта бизнесті несиелендіру бағдарламаларын егжей-тегжейлі пысықтау және жетілдіру. Үшіншіден, агроөнеркәсіп кешенін қолдауға бағытталған шараларды жедел іске асыру. Төртіншіден, екінші деңгейдегі банктердің кредит беру жолдарын реттеу және жеңілдету мәселелерін қарастыру. Бесіншіден, "Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қорындағы" мемлекеттік активтерді басқаруды жақсарту. Алтыншыдан, халыққа істеліп жатқан және жоспарланған шараларды дер кезінде ақпаратты жеткізу және түсіндіру. Сонымен бірге "Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қорының" дағдарыстан шығу барысында белгілі жұмыс атқарып отырғаны бәрімізге мәлім. Әрине, белгіленген тапсырмалар мен міндеттер жетерлік, тіпті ай сайын емес, күн сайын экономикалық жағдай өзгеруде. Экономикалық дағдарыс өзінің сан қырын көрсетуде. Сондықтан оларды шешу үшін Парламент Мәжілісі Үкімет ұсынатын қажетті заң жобаларын жедел түрде қабылдауға дайын»,- деп ой қорытты Жәнібек Кәрібжанов.