Мәжіліс Үкіметтің құзыретін бөлуге бағытталған заң жобасын мақұлдады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер енгізу туралы» Конституциялық заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды.
Аталған құжат ағымдағы жылдың 6 тамызында Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында жүктеген тапсырмаларын орындауға және Президенттің 25 тамыздағы Жарлығын жүзеге асыруға бағытталады.
Заң жобасында ел Үкіметі мен орталық атқарушы органдар, орталық атқарушы органдар мен жергілікті атқарушы органдар арасындағы құзыретті бөлу көзделеді. Үкіметтің, министрліктер мен олардың ведомстволарының, Үкіметтің құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдардың құзыретін нақтылау бөлігінде өзгерістер енгізіледі. Атап айтқанда, Жарлықты іске асыру үшін мемлекеттік әлеуметтік-экономикалық саясатының, қорғаныс қабілетінің, қауіпсіздігінің, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудің негізгі бағыттарын әзірлеудегі Үкімет құзыреті нақтыланады. Министрліктер мен Үкімет құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдарға стратегиялық, реттеу, іске асыру және бақылау-қадағалау функцияларын орындау, стратегиялық жоспарлар мен бағдарламаларды іске асыру бойынша өкілеттіктер беріледі.
Сонымен қатар, министрліктер ведомстволарына реттеу, іске асыру және бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыру бойынша нормативтік-құқықтық актілерді бекіту функциялары беріледі.
Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жолданады.