Мәжіліс Ұлттық ұланның мәртебесіне арналған заң жобасын мақұлдады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы туралы» заң жобасы мақұлданды.

Мәжіліс Ұлттық ұланның мәртебесіне арналған заң жобасын мақұлдады

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысының «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк басқару жүйесiн одан әрi жетiлдiру шаралары туралы» 2014 жылғы 21 сәуiрдегi Жарлығына сәйкес, ҚР Iшкi iстер министрлiгiнiң ішкi әскерлерi iшкi iстер органдарының бiрыңғай жүйесiне кiретiн ҚР Ұлттық ұланы болып қайта құрылған болатын. Тұтастай алғанда, заң жобасының мақсаты Ұлттық ұланның қызметi саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеу болып табылады.

«Заң жобасы Ұлттық ұланның мәртебесін, қызметтік құқықтық негіздерін, оның міндеттері мен өкілдіктерін айқындайды. ҚР Ұлттық ұланында әскери қызмет өткеру және еңбек қатынастары айқындалады. Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінің, отбасыларының әлеуметтік кепілдіктері айқындалады», - деді заң жобасы бойынша баяндаған ішкі істер министрінің орынбасары Марат Демеуов.

Оның айтуынша, заң жобасын дайындау барысында Ресей, Беларусь, Әзербайжан, Түркия, Нидерланд, Франция, Италия, АҚШ, Молдова секілді елдердің тәжірибесі қаралған.