Мәжіліс үйінде Қазақстанның білім беру саласының бүгіні мен болашағына арналған көрме ашылды

СТАНА. Наурыздың 29-ы. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжіліс үйінде Қазақстанның білім беру саласының бүгіні мен болашағына арналған көрме ашылды.

Мәжіліс үйінде Қазақстанның білім беру саласының бүгіні мен болашағына арналған көрме ашылды

Бұл көрмені ҚР Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Үкімет сағатының алдында ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев Мәжіліс депутаттарына көрмені таныстырды. Мәжіліс депутаты Светлана Ферхо Үкімет сағаты барысында танымдық мәні зор көрме ұйымдастырғаны үшін Жансейіт Түймебаев мырзаға және ол басқаратын Білім және ғылым министрлігіне ризашылығын жеткізді.

«Балам дейтін елдің болашағы жарқын» деген тақырып бойынша әзірлеген көрмеде Мемлекет басшысының өкімімен қабылданған бағдарламалар және алдағы атқарылатын іс-шаралар көрініс тапқан. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жастары жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса, ол елдің еңсесі де биік болады» деген сөзі жазылған тұста еліміздің дарынды оқушыларының халықаралық олимпиадаларда қол жеткізген табыстары жайлы баяндалған.

2009 жылы Қазақстан Германияның Бремен қаласында ТМД елдері арасында бірінші болып ең беделді интеллектуалдық жарыс - 51-ші Халықаралық математикалық олимпиаданың эстафета-туын қабылдап алғаны белгілі. Халықаралық математикалық олимпиада үстіміздегі жылы Астана қаласында шілденің 6-сы мен 17-сі аралығында өткізіледі.

Айта кету керек, Халықаралық математикалық олимпиада - орта мектептің жоғары сыныптарының оқушыларына арналған математикадан әлем чемпионаты. Бірінші Халықаралық математикалық олимпиада 1959 жылы Румынияда өткізілген. КСРО кезінде бірнеше рет Мәскеу қаласында да аталған жарыс болып өтті.

ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаевтың бұйрығына сәйкес 2009 жылғы қыркүйек айынан бастап еліміздің барлық өңірлерінде Халықаралық математикалық олимпиадаға дайындық жүргізіліп келеді.

ХХІ ғасырдағы үздік интерактивті технологиялардың жетістіктері бейне түрінде көрсетілді. Онда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты мен оқу бағдарламасына сәйкес барлық пәндер бойынша бір мың сабақ-флипчарты әзірленген. Флипчарт-сабақтары веб-порталға қойылады.

Сонымен қатар көрмеде Техникалық және кәсіптік білім саласын дамытудың жай-күйіне арналған арнайы тақта бар. Онда экономиканың сұранысы бойынша техникалық және кәсіптік білімді жаңарту, осы саланы қаржыландыру, жұмыспен қамту стратегиясының іске асырылуы үшін «Жол картасы» бағдарламасы бойынша мамандарды қайта даярлау мәселелері қамтылған. Сол секілді Техникалық және кәсіптік білім жүйесіндегі әлеуметтік әріптестік және инновация салалары негізінде атқарылатын іс-шаралар түзілген.

Аталған көрме Мәжілісте өтіп жатқан «Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың жай-күйі мен болашағы» деген тақырыптағы Үкімет сағаты шеңберінде дайындалған.