Мәжіліс валюталық реттеу туралы заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады

АСТАНА. Наурыздың 25-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне валюталық реттеу және валюталық бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады,

Мәжіліс валюталық реттеу туралы заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Аталған заң жобасы валюталық реттеу және валюталық бақылау жүйесін одан әрі ырықтандыруға бағытталып отыр. Осыған орай, құжат бойынша елдің экономикалық қауіпсіздігіне және оның қаржы жүйесінің тұрақтылығына қатер төнген кезде Мемлекет басшысының актісімен енгізілетін арнайы валюталық режім шеңберінде қабылданатын шаралар ауқымы кеңейтілді және арнайы валюталық режімді бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделді. Сонымен бірге, заң жобасымен Қылмыстық кодекске, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске, «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы», «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы», «Лицензиялау туралы» заңдарға өзгерістер енгізілді. Бұндай түзетулер валюталық реттеуді одан әрі ырықтандыруға, валюталық реттеу режімдері бойынша ұлттық және шетел валютасын репатриациялау жөніндегі рәсімдерді айтарлықтай жеңілдетуге бағытталады. Құжатты екінші оқылымға әзірлеу барысында депутаттар салық төлеушілердің жағдайын жақсартуға бағытталған түзетулер енгізді. Атап айтқанда, заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшелері жер телімдерін пайдаланғаны немесе қоршаған ортаға эмиссияға төлемақы үшін, сондай-ақ дербес салық төлеуші болып танылу құқығын белгілеу үшін 2009 жылы өтпелі кезең енгізуді көздеу ұсынылады. Сонымен бірге депутаттардан айырбастау пункттері арқылы жүргізілетін операциялар бойынша шетелдік валютаның сатып алу бағамының теңгеге сату бағасынан ауытқу шегін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті күшейту жөнінде ұсыныстар келіп түсті. Осы ұсыныстарды жұмыс тобы қолдады. Ал депутат И. Чиркалин айырбастау пункттері арқылы жүргізілген операциялар бойынша қолма-қол шетелдік валютаның сатып алу бағамының сату бағасынан ауытқу шегін белгілеу құқығын бекіту және оларды белгілеу тәртібін айқындау нормасын алып тастауды ұсынған болатын. Сонымен бірге, И. Чиркалин тарапынан резиденттер арасындағы валюталық операциялар бойынша тазарталған алтын құймасын сатып алу бөлігіндегі норманы да алып тастау ұсынылды. Естеріңізге сала кетейік, бұл ұсынысты жұмыс тобында Қаржы және бюджет комитеті енгізген болатын. Дауыс беру барысында депутат И. Чиркалиннің ұсынысы өтпей қалды. Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жіберіледі.