Мәжіліс Ядролық залал үшін азаматтық жауапкершілік туралы Вена конвенциясын мақұлдады
АСТАНА. 12 қаңтар. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «1997 жылғы Ядролық залал үшін азаматтық жауапкершілік туралы Вена конвенциясын (1997 жылғы 12 қыркүйектегі Хаттамамен енгізілген түзетулерімен 1963 жылғы 21 мамырдағы Ядролық залал үшін азаматтық жауапкершілік туралы Вена конвенциясының жиынтық мәтіні) ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.
Аталған Хаттамаға сәйкес Вена конвенциясы мен осы Хаттама бірге осы Хаттаманың Тараптарына қатысты бірыңғай мәтін ретінде түсіндіріледі және ұғынылады. Бұл 1997 жылғы Ядролық залал үшін азаматтық жауапкершілік туралы Вена конвенциясы ретінде аталуы мүмкін.
Конвенция ядролық энергияның белгілі бір түрлерін бейбіт мақсатта пайдалану нәтижесінде туындайтын залалдан қаржылай қорғауды қамтамасыз ету үшін нормалар мен өлшемдерді белгілеуге бағытталған. Конвенцияны ратификациялау Қазақстанның халықаралық нормаларға сәйкес ядролық залал үшін жауапкершілік жүктеуге дайын екендігі туралы ниетін растайды. Тиісінше Қазақстанның ядролық материалдардың, технологиялардың, жабдықтар мен ядролық қондырғылардың экспорты мен импортын жүзеге асыруды қоса алғанда атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастығын одан әрі дамытуға жәрдемдесетін болады.
Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жіберіледі.