18:58, 26 Мамыр 2009 | GMT +5
Мәжіліс: Заң жобасы сот жүйесін оңтайлы үш буынды жүйе құру арқылы жаңғыртуға бағытталған
АСТАНА. Мамырдың 26-сы. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті «Қазақстан Республикасының Қылмыстық,
Қылмыстық іс жүргізу және Азаматтық іс жүргізу кодекстеріне сот жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарап шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Заң жобасы сот жүйесін оңтайлы үш буынды жүйе құру арқылы жаңғыртуға, қылмыстық істер бойынша мамандандырылған соттардың соттауына жататын істерді айқындауға бағытталған. Бұл соттар енді бірінші сатыда, оның ішінде алқа билердің қатысуымен неғұрлым күрделі қылмыстық істерді қарайтын болады. Заң жобасы істерді апелляциялық, кассациялық және қадағалау сатыларында қарау ерекшеліктерін де регламенттеп, қылмыстық үдеріске қатысушылар құқықтарының қорғалуына қосымша кепілдік берілуін қамтамасыз етеді.Заң жобасында қылмыстық істер бойынша мамандандырылған, бірінші сатыдағы сот ретіндегі, ауданаралық соттар және гарнизондардың бірінші сатыдағы сот ретіндегі, мамандандырылған әскери соттары секілді жаңа мамандандырылған соттар енгізіледі. Олардың алғашқысының соттауына аса ауыр қылмыстар бойынша істерді қарау жатқызылады.Алқабилер қатысатын соттың соттауына жататын істерді қоспағанда, енді барлық істерді судья жеке-дара қарамақ.Заң жобасына сәйкес облыстық сот - апелляциялық және кассациялық сатыдағы сот ретінде ғана, ал Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты қадағалау сатысындағы сот ретінде ғана әрекет ететін болады.Бұл заң жобасы ертең, мамырдың 27-сі күнгі Мәжілістің жалпы отырысында бірінші оқылымда талқыға түседі деп жоспарланып отыр. Заң жобасының мақсаты туралы Жоғарғы Соттың Қылмыстық істер жөніндегі алқасының төрағасы Әбдірашит Жүкенов баяндама жасамақ. Ал Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Жақып Асанов қосымша баяндама жасайды.