Мәжіліс заңнамадағы олқылықтарды, жемқорлыққа жол беретін нормаларды жоюға бағытталған құжатты мақұлдады

Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жолданады.
Құжат еліміздің құқықтық саясат тұжырымдамасын іске асыру мақсатында әзірленген. Бұл ретте қолданыстағы заңнаманы ескірген және бір-бірін қайталайтын нормалардан арылту, құқықтық реттеудегі олқылықтардың орнын толтыру, қолданылып жүрген құқықтың ішкі қайшылықтарды жою қажеттігі атап көрсетілген болатын. Осыған байланысты заң жобасымен 33 заңнамалық актіге түзету енгізу көзделген. Атап айтқанда, Ішкі істер министрлігіне мемлекеттің әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайларда әрекет жасауының құқықтық тетігін белгілеуге бағытталған 13 заң актісіне түзету енгізу ұсынылады. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың жасалуына ықпал ететін нормаларды алып тастау қарастырылады.