15:19, 04 Наурыз 2009 | GMT +5
Мәжіліс заңсыз жолмен алынған кірістерді жария етуге және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі жобаны бірінші оқылымда мақұлдады
АСТАНА. Наурыздың 4-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Заңсыз жолмен алынған кірістерді жария етуге (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған заң жобасы заңсыз жолмен алынған кірістерді «жылыстатуға» және лаңкестікті қаржыландыруға қарсы күрестің құқықтық тетігін жасау мақсатында әзірленген. Сонымен бірге, құжат республикамыздың қаржы жүйесін заңсыз кірістерді заңдастыру және лаңкестік қызметті материалдық қамтамасыз ету үшін пайдалану мүмкіндігін болдырмайтын құқықтық жағдайлар жасауға бағытталып отыр. Заң жобасында қаржы мониторингі субъектілерінің және аталған мәселе бойынша әрекет ететін уәкілетті органның құқықтары мен міндеттері айқындалады.
«Заң жобасымен заңсыз жолмен алынатын кірістерге қарсы күрес пен лаңкестікті қаржыландыруға қарсы шаралар аясында халықаралық әрекеттесу мәселесі реттеледі. Шындығында, бұндай күрестің тиімділігі халықаралық ынтымақтастық пен байланыс нәтижесінде ғана нақты жүзеге асады. Бұдан басқа, халықаралық өзара байланыс орнатуды заңнамалық реттеу тетігі бойынша уәкілетті органның халықаралық қаржылық барлау бөлімінің әлемдік тобы құрамына кіруі ұсынылады. Бұндай қаржылық барлау бөліміне әлемнің 100-ге тарта мемлекеттері мүше болып отыр», - деді заң жобасы бойынша баяндама жасаған Қаржы министрі Болат Жәмішев.
Сонымен қатар, палата отырысында депутаттар «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын да брінші оқылымда мақұлдады. Бұл заң жобасы бойынша қолданыстағы 6 кодекс пен 17 заңға өзгерістер енгізу көзделеді. Құжаттың ережелері қаржы мониторингінің уәкілетті органын қаржы мониторингіне жататын ақшамен және өзге де мүлікпен операциялар туралы уақтылы хабардар ету жөніндегі қаржы мониторингі субъектілерінің міндеттерін бекітуге бағытталады.