Мәжіліс: Жалпы отырыста «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өлім жазасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды
АСТАНА. Наурыздың 25-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өлім жазасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған құжаттың мақсаты қолданыстағы қылмыстық іс жүргізу заңнамасын жетілдіру, оны конституция ережелеріне сәйкес келтіру, сондай-ақ адамның өмір сүруге деген негізқұраушы құқығын қамтамасыз ету болып табылады. Осыған орай қолданыстағы Қылмыстық кодекстің Жалпы бөлімінде өлім жазасы адамдардың қаза болуымен байланысты лаңкестік қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ соғыс уақытында аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін белгіленетін болды. Сонымен бірге аталған жазаға кесілген адамға кешірім жасауды өтіну құқығы беріледі. Бұдан басқа қазіргі күні айырықша жазалау шарасын көздейтін және жаңа конституциялық талаптарға сай келмейтін бірқатар баптардың санкцияларынан өлім жазасы алып тасталып, бұл өмір бойы бас бостандығынан айырумен ауыстырылады. Қылмыстық іс жүргізу кодексіне оларды жасағаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру көзделген қылмыстар туралы қылмыстық істердің соттылығына қатысты өзгерістер енгізілді.
«Қолданыстағы қылмыстық кодексі бойынша өлім жазасы 18 қылмыстық құрамы үшін белгіленсе, заң жобасына сәйкес тек 8 қылмыстық құрамы үшін белгіленетін болады. Сондай-ақ қылмыстық кодекстің ерекше бөлігінде лаңкестік қылмыстар түрлері айқындалған», - деді заң жобасы бойынша баяндама жасаған Әділет вице-министрі Дулат Құсдәулетов.
Құжат екінші оқылымға әзірлеуге тапсырылады.