18:11, 13 Қаңтар 2009 | GMT +5
Мәжіліс: Жалпы отырыстың күн тәртібіне 13 мәселе енгізіліп отыр
АСТАНА. Қаңтардың 13-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Ертең, қаңтардың 14-інде Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілік етуімен Палатаның жалпы отырысы өтеді.
Жалпы отырыстың күн тәртібі жобасына 13 мәселе енгізілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оның ішінде депутаттар Үкіметтен жуырда келіп түскен жаңа заң жобалары бойынша қорытынды әзірлеу үшін салалық комитеттерге жіберу жөніндегі мәселені қарайды. Аграрлық мәселелер комитетінің ұсынысы бойынша Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қарастыратын екі заң жобасы талқыға салынады. Оның бірін депутаттар әзірлеген болса, екінші заң жобасына Үкімет бастамашылық жасаған.Сондай-ақ жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бағалау қызметі мәселелері бойынша толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда талқыланады.