Мәжіліс жанынан Қоғамдық палата не үшін құрылады – Айдос Сарым түсіндірді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәжіліс жанынан Қоғамдық палата не үшін құрылады ? Ол қандай функцияларды орындайды ? Бұл туралы депутат Айдос Сарым ҚР Парламентіндегі Jibek Joly телеарнасының мобильді студиясында түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәжіліс жанынан Қоғамдық палата не үшін құрылады – Айдос Сарым түсіндірді
Видеодан алынған кадр

Мәжіліс депутатының айтуынша, қоғамдық палата құру – кең таралған әлемдік тәжірибе.

«Көптеген парламенттерде заң шығарушы органның жұмыс сапасын жақсартатын мамандарды, сарапшыларды, әлеуметтанушыларды, саясаттанушыларды, экономистерді және басқа мамандарды заң шығару жұмысына тартуға мүмкіндік беретін осындай сараптамалық алаңдар бар. Екінші жағынан, біздің міндетіміз – өз жұмысымызды адамдарға түсінікті ету, заңның қалай әзірленетінін түсіндіру, сарапшылар осы үшін қажет. Мәжіліс осы немесе басқа заңды талқылауға кіріспей тұрып, сарапшыларды тартып, тыңдаған дұрыс деп санаймыз. Біз тіпті заңды алдын ала оқу форматын ұсынамыз. Яғни, қоғамның бұл заңды қабылдамайтынын көрсек, Мәжіліс мұндай заң жобасын қарамай-ақ, бірден қайтарғаны дұрыс», - деп түсіндірді депутат Айдос Сарым.

Оның айтуынша, үлкен сарапшылар пулын алдын-ала құрған дұрыс, олар бәрінен хабардар және сараптама сапасын арттырады.

«Жұмыс тобы басталмай-ақ, белгілі бір дайындық пайда болады. Бұл тақырыптан хабары бар, өз ұстанымын білдіретін адамдар болады. Біз тіпті қоғамдық палатаның әрбір мүшесі Мәжіліске кіре алатындай, кез келген уақытта келіп, депутаттармен сөйлесе алатындай, жұмыс топтарына қатыса алатындай міндет қоямыз. Екіншіден, белгілі бір әлеуметтанушы немесе экономист ұсыныс жасай алады, жақсы ұсыныстарды депутаттардың атынан салыстырмалы кестелерге қосамыз, бірақ жақшада бұл қоғамдық палатаның ұсынысы деп көрсетеміз. Осылайша, сарапшылардың заңнамалық жұмысқа қатысуға ынтасы болғанын қалаймыз», - деп түсіндірді мәжілісмен.