Мәжіліс жанындағы Қоғамдық Палата Елбасы Жолдауын заңнамалық қамтамасыз ету мәселесін талқылайды
Отырысқа ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары, Қоғамдық Палатаның төрағасы Сергей Дьяченко жетекшілік етеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Күн тәртібіне Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа арнаған Жолдауын заңнамалық қамтамасыз етудегі Қоғамдық Палатаның рөлі мәселесі енгізіліп отыр. Сол секілді өзін-өзі қамтушы тұрғындардың жағдайын заң жолымен реттеу тақырыбында өткен дөңгелек үстелдің қорытындысы жөнінде Қоғамдық Палатаның мүшесі В.Косаревтің мәліметі тыңдалады.
«Құқық қорғау жүйесін реформалау және оның одан әрі ізгіленуі» тақырыбында Қоғамдық Палата төрағасының орынбасары Мақсұт Нәрікбаевтың, «Денсаулық сақтау саласының жақсаруы - өмір сүру сапасының артуы» тақырыбы бойынша Денсаулық сақтау министрі, Қоғамдық Палатаның мүшесі, әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі секцияның жетекшісі Жақсылық Досқалиевтің сөз сөйлейтіні жоспарлануда.
Қоғамдық Палатаның мүшесі, қаржы-экономикалық реформа және аймақтық даму секциясының жетекшісі, экономика ғылымдарының докторы Оразалы Сәбден «Экономиканы әртараптандыру - табысқа жетудің кілті», сондай-ақ Қоғамдық Палатаның мүшесі, демократияландыру және азаматтық қоғамды дамыту мәселелері жөніндегі секцияның жетекшісі Алтыншаш Жағанова «Ішкі саяси тұрақтылық - 2020 Стратегиялық жоспарды жүзеге асырудың сенімді іргетасы» тақырыптары негізінде баяндама жасайды.
Отырыстың бағдарламасына сәйкес Қоғамдық Палатаның мүшесі, экология, ауыл шаруашылығы жөніндегі секцияның жетекшісі Мэлс Елеусізовтің «Климаттың жаһандық өзгеруі жағдайындағы елдің тұрақты дамуындағы ауыл шаруашылығының рөлі» тақырыбы бойынша сөз сөйлейтіні белгіленіп отыр.
Отырысқа Қоғамдық Палатаның мүшелері, Парламент Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысады.
Осы отырыстағы пікірталастар мен талқылаулар өтіп, ұсыныстар қабылдағаннан кейін Қоғамдық Палатаның мүшесі Оразалы Сәбденнің «Экономика» атты 10 томдық таңдаулы еңбектерінің таныстырылымы өтетіні көзделіп отыр.