Мәжіліс Жеке сәйкестендіру нөмірін беру мерзімін 2012 жылға дейін ұзартуға бағытталған заң жобасын мақұлдады

АСТАНА. Маусымның 3-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне идентификациялық нөмірлер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Нұр Отан» партиясы жанындағы Қоғамдық кеңестің жұмысы барысында азаматтарға Жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) беруге қатысты мәселелер талқыланып, онда бірқатар проблемалар айқындалған. Бұдан бөлек, Мәжіліс депутаттары да ЖСН енгізуге қатысты Халыққа қызмет көрсету орталықтарында орын алған жағдайларға алаңдаушылық білдірген болатын. «ЖСН енгізілуіне, оны беру мерзімінің аяқталуына байланысты жұртшылық арасында біршама қобалжулар орын алғаны белгілі. Бұндағы басты мәселе «Идентификациялық нөмірлер туралы» заң 2007 жылы күшіне енген болатын, қолданыстағы осы заңда ЖСН беру мерзімі 2010 жылғы тамыздың 13-інде аяқталады деп жазылған. Алайда, қазіргі жағдай оған кереғар болуда. Осыған орай, депутаттар осы заң жобасында ЖСН енгізу мерзімін 2012 жылғы қаңтардың 1-іне дейін ұзарту туралы норма ұсынып отыр», деді бастамашы депутаттың бірі Ирақ Елекеев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жеке куәлігінде және төлқұжатында Жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) жоқ азаматтар биылғы жылғы тамыздың 13-іне дейін әділет органдарына немесе Халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып, құжаттарын ауыстырулары қажет болатын. Енді Мәжіліс депутаттарының бастамашылығымен аталған мерзім 2012 жылдың қаңтарына дейін ұзартылып отыр.

Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жіберіледі.

Соңғы жаңалықтар