17:02, 09 Қаңтар 2009 | GMT +5
Мәжіліс Жер кодексіне көзделген түзетулерді қарайды және министрдің жауабын тыңдайды
АСТАНА. Қаңтардың 9-ы. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Жер мәселесіне қатысты заң жобасы Палатаның талқысына шығарылады. Бүгін Мәжіліс төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілік етуімен өткен Парламент Мәжілісінің кезекті Бюро отырысында осындай шешім қабылданды.
Аграрлық мәселелер комитетінің ұсынысы бойынша Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қарастыратын екі заң жобасы жалпы отырыстың күн тәртібі жобасына енгізілді. Оның біріне депутаттар бастамашы болса, екінші заң жобасын Үкімет ұсынған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бағалау қызметі мәселелері бойынша толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда талқыға салынады. Бұл жоба бойынша Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті қорытынды әзірлеген.Үкіметтен келіп түскен жаңа заң жобалары бойынша қорытынды әзірлеу міндеті жүктелді. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне аралық соттар және халықаралық коммерциялық төрелік қызметін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық-коммуникациялық желілер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті және өзара сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары қорытынды әзірлеу үшін бірқатар салалық комитеттерге жіберіледі.Кейбір заң жобалары бойынша жұмысты жалғастыру мәселелері қаралды. Мәселен, «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» заң жобалары комитеттер мен жұмыс топтарында талқылануы жалғаса береді. Сол секілді «Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы «Байқоңыр» кешенін тиімді пайдалану жөніндегі ынтымақтастықты дамыту туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Денсаулық сақтау мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларымен де жұмысты жалғастыру жөнінде ұсыныс жасалды.