14:24, 25 Ақпан 2009 | GMT +5
Мәжіліс зияткерлік меншікке қатысты заң жобасын мақұлдады
АСТАНА. Ақпанның 25-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған заң жобасының негізгі мақсаты қолданыстағы «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» заңын Әдеби және көркем туындыларды қорғау жөніндегі Берн конвенциясының ережелеріне сәйкестендіру болып табылады. Еліміздің қолданыстағы осы заңына Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының Авторлық құқық жөніндегі шартына, сондай-ақ Орындаулар мен фонограммалар жөніндегі келісіміне сәйкес келтіру көзделеді. Тоқтала кететін жайт, Қазақстан Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымына 2004 жылы қосылған болатын.
Бұдан басқа Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кірген жағдайда құжат зияткерлік меншік құқықтарының сауда аспектілері туралы келісімге Қазақстанның қосылу мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, зияткерлік меншікке құқықтарды қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіру мақсатында тараптардың қызметтік құқықтары мен міндеттері, олардың жауапкершілігі заңнамалық деңгейде бекітіледі. Заң жобасы мемлекеттік органдардың, қоғамдық және өзге де ұйымдардың ұсыныстары негізінде зияткерлік меншікті қорғаудың әлемдік жүйесін дамыту үрдісі ескеріліп әзірленген.
Мәжіліс мақұлдаған құжат Парламент Сенатына жіберіледі.