Мәжіліске «Мемлекеттік мүлік туралы» үкіметтік жаңа заң жобасы келіп түсті
АСТАНА. Сәуірдің 21-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Мәжіліске «Мемлекеттік мүлік туралы» үкіметтік жаңа заң жобасы келіп түсті. Енді бұл заң жобасы бойынша Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті жұмыс тобын құрып, қорытынды әзірлейтін болады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Үкіметтің берген түсіндірмесіне сүйенсек, заң жобасын әзірлеу кезінде мемлекеттің мемлекеттік мүлікке құқықтарын жүзеге асыру үдерісінде қалыптасатын қатынастарды, сондай-ақ оның тиімді пайдалануын бақылау жөніндегі қатынастарды құқықтық реттеудің әр түрлі қырлары бойынша шет мемлекеттердің оң тәжірибелері есепке алынған. Заң жобасын қабылдаудың мақсаты - мемлекеттік мүлікке мемлекеттік құқықты жүзеге асыру үдерісінде қалыптасатын қатынастарды реттейтін құқықтық негіздерді, принциптер мен ережелерді бекіту жолымен мемлекеттік мүлікті басқару саласындағы заңнаманы, сондай-ақ оның тиімді пайдалануын бақылау жөніндегі қатынастарды жетілдіру болып табылады. Заң жобасы мемлекеттік мүліктің құқықтық режимін, мемлекеттік мүлікті басқарудың құқықтық негіздерін, оның ішінде мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітілген мүлікті және мемлекетке тиесілі акцияларды және жарғылық капиталдағы үлесті, мемлекеттің ұлттық холдингтерге, ұлттық компаниялар мен стратегиялық нысандарға ықпалының аясын айқындайды. Заң жобасы мемлекеттің мемлекеттік мүлікке меншік иесі ретінде де және басқа да құқық иеленушісі ретінде де құқықтарының тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге; мемлекеттік мүлікті басқаруды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың құзыретінің аражігін айқын ажыратуға және осы органдар мен олардың басшыларының мемлекеттік мүлікті басқару саласында мемлекеттің саясатын жүргізуге жауапкершілігін арттыруға; ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялар арқылы мемлекеттік мүлікті корпоративтік басқарудың құқықтық негіздерін бекітуге, олардың мемлекеттік органдармен нақты іс-қимылын және олардың мемлекеттік мүлікті басқару саласында мемлекеттің саясатын жүргізуді қамтамасыз ету үшін жауапкершілігін айқындауға бағытталған.Мемлекеттік мүлікті басқару деп мемлекеттің, яғни, Қазақстан Республикасының немесе әкімшілік-аумақтық бірліктің мемлекеттік меншік құқығын және басқа да мүліктік құқықтарын жүзеге асыруы түсіндіріледі. Заң жобасы мемлекеттік мүлікке құқықтарды иелену және тоқтату тәртібін, оның ішінде мүлікті ұлт меншігіне алу және жекешелендіру кезінде, сондай-ақ азаматтардың және мемлекеттік емес заңды тұлғалардың оларды иелену немесе пайдалану тәртібін реттейді. Мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітілген мүлікті, акционерлік қоғамдардың акцияларын және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталдарындағы мемлекеттік мүлікке жатқызылатын үлестерді, мемлекеттік мүлікті құрайтын басқа да мүліктерді басқару тәртібін, стратегиялық маңызы бар (стратегиялық нысандар) мүліктің құқықтық режимінің ерекшеліктерін айқындайды. Заң жобасы елдің мемлекеттік мүлікті иелену құқығын тоқтату бойынша қатынастарды егжей-тегжейлі реттейді. Онда мемлекеттік мүліктің жеке түрлерін басқарудың ерекшеліктері белгіленген. Заң жобасы мемлекет жалғыз акционері болып табылатын АҚ және ЖШС, акционері мемлекет болып табылатын ұлттық компанияларды, ұлттық холдинг акционері болып табылатын ұлттық компанияларды, ұлттық холдингтерді басқару жөнінде Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасы үшін жаңа ережелерді қамтып отыр. Жобаның жеке тарауы азаматтарға және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға тиесілі стратегиялық маңызы бар мүлікке құқықтарды шектеуге арналып отыр. Заң жобасында мемлекеттік мүлікті тиімді пайдаланылуын бақылауды қамтамасыз ету үшін мемлекеттік мүлікті есепке алу, бағалау және мемлекеттік мүліктің құрамына өткен мүлікті одан әрі пайдалану жөнінде жалпы ережелер көзделген. Атап айтқанда, заң жобасы мемлекеттік мүлік тізілімінің құрамын, қалыптастыру мен жүргізу тәртібін егжей-тегжейлі реттейтін ережелерді қамтиды.