Мәжіліске «Тарифтік жеңілдіктер беру туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы келіп түсті
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
2008 жылғы 12 желтоқсанда Мәскеу қаласында өткен Еуразиялық экономикалық қоғамдастық Мемлекетаралық Кеңесінің отырысы шеңберінде Еуразиялық экономикалық қоғамдастық Кеден одағының құқықтық базасын қалыптастыруға бағытталған халықаралық құжаттарға қол қойылды. Солардың ішінде Тарифтік жеңілдіктер беру туралы хаттама бар.
Хаттама 2008 жылғы 25 қаңтардағы Бірыңғай кедендік-тарифтік реттеу туралы келісімнің 5 және 6-баптарының ережелеріне негізделеді және 2007 жылғы 6 қазандағы Кеден одағының шарттық-құқықтық базасын қалыптастыруға бағытталған халықаралық шарттардың күшіне ену, олардан шығу және оларға қосылу тәртібі туралы хаттамаға сәйкес күшіне енеді.
Хаттаманың 1-бабына сәйкес тарифтік жеңілдіктерді әкелу кедендік бажын төлеуден босату немесе әкелу кедендік бажының ставкасын төмендету түрінде қолдану көзделген.
Хаттаманың 2-бабына сәйкес тарифтік жеңілдіктерді қолдану тек Комиссия шешімінің негізінде жүзеге асырылады. Бұл ретте Қазақстан Республикасы Кеден кодексінің 330 және 331-баптарына сәйкес кедендік жеңілдіктерді Қазақстан Республикасының Үкіметі береді. Осылайша Хаттама ережелері Қазақстан Республикасының Кеден кодексінде көзделгеннен өзгеше ережелерді белгілейді.
Осыған байланысты «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 2) тармақшасына сәйкес Хаттама ратификациялануға тиіс.
«Тарифтік жеңілдіктер беру туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын қабылдау Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелерді орындауы үшін құқықтық негіз жасайды.