Мәжілісмен М.Тінікеевтің сыны «Самұрық-Қазына» қоры қаржы директорының көңіліне кірбің түсірді

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның қаржы директоры, басқарма мүшесі Нұрлан Рахметов ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұхтар Тінікеевтің ұлттық компаниялардағы «пайдасыз» қызметкерлерге қатысты сынына жауап берді.

Мәжілісмен М.Тінікеевтің сыны «Самұрық-Қазына» қоры қаржы директорының көңіліне кірбің түсірді

«Тінікеев мырзаға БАҚ арқылы сөз арнаймын. Ол біршама төмен жалақыға жұмыс істейтін адамдар тауып беретіндігін айтқан болатын. Мұхтар, өтінемін, адамдарды менің департаментімнің бухгалтериясына әкелші. Бірақ, олар тәуелсіз қор үшін талап етілетін біліктіліктерге сай болуы тиіс. Егер, олар төмен жалақыға келісетін болса, онда мен оларды жұмысқа аламын. «Пайдасыз» адамдар жұмыс істейді деп айту оңай. Ал біз бүгінде нәтижесін көріп отырмыз ғой. Мен өз блогымның осы уақытта атқарған жұмыстарын мақтан тұтамын. Менің адамдарымды «пайдасыз» деген кезде көңіліме кірбің түседі», - деді ол.

Сонымен қатар ол депутат М.Тінікеевтің айтқан сөздеріне қатысты түсінік бере отырып, бүгінде «Самұрық-Қазына» қызметкерлерінің бірталай қызметкері нарықтағы деңгейден біршама төмен жалақы алатындығын атап өтті.

«Жалақы мәселесі - мен үшін өте ауыр жайт. Бірқатар қызметкерді ұстап тұра алмай қалған жайттар да орын алған еді. Ал өзімнің жалақыма қатысты айтар болсам, соңғы 6 жыл бойы ол өзгерген жоқ. Мен қордың қаржы директорымын. Осы 6 жылдың ішінде акционерлердің әл-ауқаты 3 трлн. теңгеге артты. Компанияның меншікті капиталының жартысы мен жұмыс істеген кезеңде пайда болды. Менің шынайы жалақым 1,5 есеге қысқарды. Бұған қоса, шағын компаниялардың қаржы директорларынан біршама төмен жалақы аламын. Табиғаттың объективті заңы бар: егер мен мұнан да жоғары жалақы алуға тиіс болсам, онда мен оны алуға тиіспін. Егер мен оны алмасам, онда мен қордан кетемін әрі мен оны жүзеге асырам да», - деді Н.Рахметов.

Айта кетейік, бұған дейін депутат М.Тінікеев Мәжілістің жалпы отырысында «пайдасыз» қызметкерлер санын қысқарту қажет деп бастама көтерген болатын. Оның атап өтуінше, ұлттық компанияларда «Болашақ» түлектері мен жақын таныстары жұмыс істейді әрі жоғары жалақы алады. Осы ретте депутат барынша төмен жалақыға тиімді жұмыс істей алатын оннан астам ақылды адамды тауып бере алатындығын айтқан еді.