Мәжілісмен Роман Ким Қазақстан корейлері ассоциациясының президенті болып қайтадан сайланды
Съезге республиканың барлық өңірлерінен 80-нен астам делегет келді. Р. Ким ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында, съезде сондай-ақ ассоциацияның орталық кеңсесін Алматыдан Астанаға көшіру мәселесінің шешілгендігін айтты.
Съездің ресми бөлімінен кейін М. Горький атындағы орыс драма театрында корей әндерінің республикалық фестивалінің гала концерті болып, оған Қазақстанның барлық облыстарынан келген корейше ән орындау шеберлері қатысты.
«Біз Қазақстанда бірден бірнеше үлкен мерекелерді атап өтпекпіз. Біріншіден, биыл Қазақстанға корей диаспорасының қоныстануына 75 жыл толып отыр. Сондай-ақ, Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнатылғанына 20 жыл толды. Және де бір атап өтерлігі, Корей елінің сыртында орналасқан жалғыз Корей мемлекеттік театрының 80 жылдығы. Біз үшін бұлардың барлығы үлкен мереке», - деді Р. Ким.