Мәжілісмендер Ақсудағы көп балалы отбасыларға арналған тұрғын үй құрылысын назарға алды
Бүгінде жеке тұрғын үй құрылысы шағын ауданында салынып жатқан үйлерді 56 отбасы күтуде. Мердігерлердің айтуынша, барлық коммуникациялар: жылу, жарық, электр, кәріз жүйелері орнатылып, нысанды осы жылдың қазан айында тапсыру жоспарланған.


- Біз, «Nur Otan» партиясы фракциясының депутаттары, осындай нысандардың бақылауына ерекше назар аударатын боламыз. Құрылыс жұмыстарының барысымен үнемі танысып, тұрғын үймен қамтамасыз етуді назарға аламыз. Ақсу қаласы үлгісіндегі жұмысты еліміздің басқа өңірлерінде іске асырғаны жөн, - деді Мейрам Пішембаев.
Айта кету керек, жеке тұрғын үй құрылысы ауданын абаттандыру үшін жергілікті билік жолдар салып, шағын және орта бизнесті дамыту үшін компанияларды тартуды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар, осы күні Мәжіліс депутаты Нұрлан Дулатбеков Маңғыстау облысындағы атом энергетикалық комбинатына барды.
Еңбек ұжымымен кездесуде депутат әлеуметтік қамсыздандыру саласына тоқталып, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға ерекше мән берді. Бірқатар өзекті әлеуметтік мәселелер көтеріліп, айтылған барлық ұсыныс-пікірлер назарға алынды.