Мәжілісмендер мен құқық қорғаушылар өмір бойы бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның орындалуы мәселелерін талқылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары мен құқық қорғаушылар өмір бойы бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның орындалуы мәселелерін талқылады, деп хабарлады ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметінен.

Мәжілісмендер мен құқық қорғаушылар өмір бойы бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның орындалуы мәселелерін талқылады

Жұмыс кездесуі Алматы қаласында «Адам құқығы хартиясы» қоғамдық қорының кеңсесінде өтті. Сараптау тобына Мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы С. Бычков, депутаттар, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Мемлекеттік және жергілікті басқару институтының директоры З. Федотова, ҚР ІІМ ҚАЖК төрағасының орынбасары М. Аюбаев, ғылым және білім беру саласының өкілдері, «Адам құқығы хартиясы» қорының атқарушы директоры Ж. Тұрмағамбетова, Орталық Азиядағы PRI өңірлік директоры С. Мектепбаева және прокурорлар мен судьялар кіріп отыр. Олар ҚР Қылмыстық-атқару кодексі жаңа редакциясының жұмысы шеңберінде бірқатар мәселелерді талқылады. Кеңес барысында құқық қорғаушылардың сараптау тобы сотталғандар сот залынан түзеу мекемелеріне дейін өздері баруын ұсынды. Бұл байқаусызда қылмыс жасағандар мен алғашқы рет бір жылға дейін сотталғандарға ғана қатысты. Сондай-ақ кеңесте түрмелерде азаматтық бақылауды күшейтуге байланысты сындарлы пікірлер айтылды. Атап айтқанда, қоғамдық қадағалау комиссиясының өкілдіктері мен олардың әрекет ету мерзімі туралы мәселелер талқыланды.

Бұдан басқа, сараптау кеңесінің мүшелері ҚР Қылмыстық-атқару кодексінің жаңа редакциясында баса мән берілген сотталушылардың құқықтарын қорғауға байланысты мәселелерді талқылады.