Мәжілісмендер ШҚО тұрғындарына Елбасы Жолдауын түсіндірді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «Нұр Отан» партиясы фракциясының өкілдері Евгений Козлов пен Шавхат Өтемісов Ұлан ауданы Восточное ауылының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі партияның облыстық бөлімшесінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 
None
None

Мәжілісмендер Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын түсіндірді.

«Жолдауда Президент жүзеге асырылуы тиіс 10 басым бағытты анықтап берді. Бірінші кезекте Елбасы индустрияландыру мен жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналу керектігін атап айтты. Қазақстан әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына тезірек енуі үшін Сіздермен біз жұмыла жұмыс жасап алға қойылған мақсаттарды толығымен орындауымыз керек. Жолдауда агроөнеркәсіп саласын автоматтандыру жайы айтылды. Біздің ауылшаруашылығымыз бәсекеге қабілетті болуы үшін бүгіннен бастап техникаларды жаңартып, автоматтандыру жүйесіне көшуіміз қажет», - деді Шавхат Өтемісов.

Сондай-ақ, Жолдаудың әлеуметтік саласын халыққа түсіндірген Евгений Козлов ұстаздардың жалақысының көтерілуі мен әлеуметтік саланы қаржыландырудың артқанын тілге тиек етті.

«Ұстаздардың жалақысы 30-дан 50 пайызға дейін жоғарылайды. Бұл дегеніміз, елімізде сапалы білім алуға, сапалы білім беруге барлық жағдай жасалып жатыр деген сөз. Әлеуметтік қолдау саласына бөлінетін қаржы көлемі 12 пайызға артты. Бұл бұрын соңды болмаған көрсеткіш», - деді депутат.

Жиын барысында жергілікті тұрғындар халық қалаулыларына өздерін толғандырған сауалдарын қойды. Сұрақтардың көбі жер беру, ауылшаруашылығын субсидияландыру мен жол жөндеу мәселесіне бағытталды.

Соңғы жаңалықтар