Мәжілісмендер шымкенттік жастармен кездесті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаттары, «Нұр Отан» партиясы фракциясы мүшелері Ержан Құдайберген, Кәрібай Мұсырман, Бақтықожа Ізмұхамбетов, Жанат Жарасов, Ерсұлтан Бектұрғанов, Мұхтар Ерман мен Фахриддин Қаратаев аймақтарға жұмыс сапары барысында Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінің студенттерімен және оқытушыларымен кездесті. Бұл туралы Парламенттің аталмыш палатасының баспасөз қызметінен мәліме тті.
Жүздесу Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа арнаған Жолдауын және саяси реформаларды насихаттау мақсатында өтті.
Жетпіс жылдық тарихы бар, білім және зерттеу инфрақұрылымы дамыған, ғылыми мектептері қалыптасқан, жоғары технологиялар саласында күрделі мәселелерді шешуге қабілетті кадрлық әлеуетке ие М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университеті көпсалалы ірі университет болып табылады. Университет бүкіл Қазақстанның кәсіпорындары мен ұйымдары үшін мамандар дайындайды. Сондықтан, бұл оқу ордасында өткізілген кездесу барысында Елбасы Жолдауы жан-жақты түсіндірілді.
Депутат Ерсұлтан Бектұрғанов Жолдаудағы негізгі басымдықтар мен берілген тапсырмаларды нақтылай отырып: «Елбасы Жолдауында жаңа талаптарға сай жаңа кадрларды даярлауға үлкен көңіл бөлінген. Бүгінгі таңда жұмыс берушілердің терең логикалық ойлай алатын, жаңа білімдерді қордалауға қабілетті мамандарға деген қажеттілік артқан. Біз сіздерге жаңа буын техникасы мен технологияларын жасауға, ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерге күш жұмсайды деген үміт артып отырмыз.Сондықтан сіздер технология, осы заманға сай идеялар, әлемнің ғылыми прогресс жаңалықтарына көңіл бөлулеріңіз керек», - деп жастарға жол сілтеді.
Мәжіліс депутаты Кәрібай Мұсырман еліміздегі саяси реформаның маңыздылығы туралы айта келе: «Билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу елді жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам. Бұл реформа қазақстандық мемлекеттілік пен демократияны дамыту жолының логикалық жалғасы болып, мемлекеттік басқару жүйесінің жақсаруына оң әсер етеді»,- деп түсіндірді.
Сонымен қатар, Мәжіліс депутаттары жастардың патриотизіміне, үш тілді жетік меңгеруге аса мән беретіндігі туралы айтты. Сондай-ақ, кездесу барысында студент жастар халық қалаулыларына сұрақтар қойып, оларға толыққанды жауаптар алды.