Мәжілісмендер «Жол жүрісі туралы» жаңа заң жобасын талқылау үшін астаналық жол полициясының мекемесінде болды

«Жол жүрісі туралы Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» заң жобаларын талқылау бойынша Парламент Мәжілісі жұмыс тобының көшпелі отырысы өтті. Бұл туралы ІІМ Жол полициясы комитетінен мәлім етті.
Отырысқа Парламент Мәжілісінің депутаттары, ІІМ Жол полициясы комитетінің басшылығы мен Көлік және коммуникация министрлігінің өкілдері қатысты.
Көшпелі отырысты өткізу «Жол жүрісі туралы» заңжобасында көлік құралдарын жол жүрісіне қатыстыру, адамдарға көлік құралдарын басқаруға рұқсат беру бойынша нормаларды талқылаумен байланысты.
Отырыс барысында депутаттарға азаматтарға жүргізуші куәліктерін беру, сенімхат бойынша көлік құралдарын басқаратын адамдарды тіркеу, көлік құралдарын тіркеу және мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін беру тәртібі таныстырылды.
Айта кетейік, «Жол жүрісі туралы» заң жобасының негізгі ережелері алты басымдық бойынша бекітілген: жол жүрісі саласында мемлекеттік басқару жүйесі; жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету; жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету; көлік құралдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету; жол жүрісі қатысушыларының құқықтары мен міндеттері; көлік құралдары мен адамдарға жол жүрісіне қатысуына рұқсат беру.