Мәжілісмендерге венчурлық қаржыландыруды дамыту туралы заң жобасы таныстырылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев мәжілісмендерге «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне венчурлік қаржыландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәжілісмендерге венчурлық қаржыландыруды дамыту туралы заң жобасы таныстырылды

«Әлемдік тәжірибеде жеке венчурлық инвестициялау инновациялық-технологиялық бизнесті қолдау бағытында едәуір танымал. Нақтырақ айтқанда, венчурлық институттар арқылы жетекші елдерде инвестициялаудың келесі мөлшері жүзеге асырылып жатыр: яғни, венчурлық институттар арқылы АҚШ-та 52 млрд доллар, Қытайда 15,5 млрд доллар, ЕО-да 10,6 млрд доллар, Үндістанда 5,2 млрл доллар инвестиция айналымда. Айта кетерлігі, инновациялық көшбасшы елдердің қатарындағы Израиль мен Синапурда венчурлық қорлар тың технологияларды енгізуде үлкен маңызға ие», - деді вице-министр.

Оның айтуынша, Оңтүстік Кореяда 1997 жылы венчурлық бизнеске қолдау білдіру туралы заң қабылданып, технологиялық сақтандыру алу мүмкіндігіне қол жеткізілген.

«Яғни, ол мемлекеттің үкіметі жеке инвестициялар мен венчурлық қорлардың жұмысына кепілдік береді. Корея үкіметі әу баста бұл бағытты қолдау үшін қаражаттың 50 пайызын аударып отырған. Осының нәтижесінде, Оңтүстік Кореяда венчурлық бизнестің өсімі байқалып, әлемдік нарыққа жол ашылды», - дейді Тимур Тоқтабаев.

Вице-министр әлем елдерін үлгі ете келе Қазақстандағы жағдай туралы айтып берді.

«Венчурлық капиталдың енжар нарығы сақталып тұр. Қазақстанда венчурлық капиталдың іргесі қалана қойған жоқ. Сөзсіз, мемлекет өзге де елдер секілді инновациялық секторға қолдау білдіріп, инновациялық жобаларға гранттар бөлуде. Астанада стартаптардың хабы ашылғалы жатыр. Десе де, мемлекеттік қолдаулардың бұл бағыттары жалпы венчурлық механизм болып табылмайды», - деді ол.

Тимур Тоқтабаев заң жобасының міндеттері мен мақсаттарын атады.

«Заң жобасының басты мақсаты - венчурлық қаржыландыру саласында қоғамдық қарым-қатынасты құқықтық реттеуді жетілдіру, Қазақстанда венчурлық  жеке нарықты қолдау. Міндеті: венчурлық қаржыландыруды дамыту үшін құқықтық базаны құру, инновациялық саланы мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіру, әу бастағы кезеңде венчурлық нарықты дамыту кезінде мемлекетті жеке сектордың сенімді серігі қылу, венчурлық қаржыландыруды жүзеге асыруда қазақстандық жаңа келісімді құрылымдарды енгізу арқылы жеке капиталға жайлы жағдай жасау болып табылады», - деді Тимур Тоқтабаев.