Мәжілісте 2014 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептер қаралып, Сенатқа жіберілді

Бұл туралы палатаның баспасөз қызметі хабарлады.
Халық қалаулылары «Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2014 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін» тыңдап, жан-жақты талқылады.
Аталған мәселе бойынша Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Қозы-Көрпеш Жаңбыршин негізгі, ал, Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Құттықожа Ыдырысов қосымша баяндама жасады.
Бақыт Сұлтановтың айтуынша, 2014 жылғы республикалық бюджет теңгерімді атқарылды. Шамамен 6 трлн. теңге түсімдер, 7,1 трлн. теңге шығыстар және 1,1 трлн. теңге тапшылық көлемінде бағаланып отыр.
Атқарылу пайыздары алдыңғы жылдардан артып, барлық әлеуметтік міндеттемелер толық қаржыландырылған.
Сондай-ақ жаңа инвестициялық жобалар мен бизнес субъектілерін қолдау жөніндегі жобаларға серпін берілген.
Қаржы министрі республикалық бюджеттің тиімділігін арттыру мақсатында мәжілісмендер жиі көтеретін маңызды сұрақтарды назарға алып, атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды жеті бағытқа бөліп атап өтті. Олар кірістердің атқарылмауына әсер еткен факторлар, артық төлемге және бересіге, қосылған құн салығын қайтаруға байланысты ахуал және жалған кәсіпкерлікті қамтитын кірістер және оларды әкімшілендіру, бизнеске жағдай жасау, жалған кәсіпкерлікке жол бермеу және сыртқы сауданың экономикамызға және бюджетке тиімділігін арттыруды көздейтін кірістер бойынша резервтер, квазисектордың қаражатты мақсатты және тиімді жұмсауын бақылайтын квазимемлекеттік сектордың кассалық, бюджет және Ұлттық қор арқылы түрлі секторларды қолдауға қаржы бөлінетін субсидиялар мен жеңілдікті кредиттердің қол жетімділігі мен тиімділігі, мемлекеттік органдардың бюджеттерді игеруі, үкіметтік борыш, кепілдіктер, дебиторлық және кредиторлық берешектерді қамтитын қаржылық міндеттемелер, сондай-ақ, стратегиялық жоспарлардың нысаналы индикаторларына қол жеткізу мәселелері.
Айтылғандардың барлығы бюджет заңнамасын жетілдіру аясында алдағы уақытта да жан-жақты талданып, талқыланатын болады.
Ал, Қозы-Көрпеш Жаңбыршиннің баяндамасында бюджет кірістерінің атқарылу проблемалары, бағдарламалық және стратегиялық құжаттардың тиісті деңгейде әзірленбеуі және олардың жеткілікті түрде тиімді іске асырылмауы, бюджет қаражатының игерілуі, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметіндегі кемшіліктер, орталық және жергілікті деңгейлердегі инвестициялық жобалардың іске асырылуы кезіндегі проблемалар, бюджетаралық қатынастардың жетілдірілмеуі және трансферттерді пайдалану кезіндегі жүйелі проблемалар сандық көрсеткіштермен айтылды.
Жалпы алғанда есепті жылы 2 мемлекеттік және 15 салалық бағдарламаның іске асырылуын бағалаудың қорытындысы бойынша 127,7 млрд. теңгеге бюджет және өзге де заң бұзушылықтар анықталды, 56 млрд. теңге тиімсіз пайдаланылған. Есептеулер бойынша, нәтижелілік принципі орындалмаған жалпы сома 378,5 млрд. теңгені құраған.
Маңызды құжат бойынша Мәжіліс депутаттарын алаңдатқан мәселелер аз болмады. Халық қалаулылары өзекті сұрақтарды алға тартып, сыни пікірлер айтып, нақты ұсыныстарын жеткізді.
Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов бюджеттің орындалуы мен жетіспеушілігіне қатысты мәселеге айрықша назар аудара келіп, бұл сұрақтың жыл сайын көтерілетіндігін, енді Үкімет пен Ұлттық компания мүшелерінен бұрынғыдан да қатаң сұраныс талап ету қажеттілігін атап өтті.
Ұзақ талқылаудан соң Мәжіліс құжатты Сенатқа жіберу туралы қаулы қабылдады.
Жалпы отырыста Сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы талқыланып, мақұлданды.
Конституциялық заң жобасында судьяларды зейнетақымен қамсыздандыру институтын қайта ұйымдастыру арқылы отставкадағы судьялардың өмір бойғы қамтылымын енгізу көзделеді.
Бұл төлемдер ай сайын жүзеге асырылады және оларға салық салынбайды. Мұндай төлемдердің мөлшері судьяның соңғы атқарған лауазымы бойынша лауазымдық жалақысынан пайыздық арақатынаста белгіленеді. Бұл ретте, судьялар үшін республикалық бюджет есебінен қосымша міндетті зейнетақы жарналары алып тасталады.
Сондай-ақ мәжілісмендер «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына азаматтық процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады.
Конституциялық заңның жобасында сайлау туралы және сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы Конституциялық заңдарға аталған конституциялық заңдардың нормаларын Азаматтық процестік кодекс жобасының ережелеріне сәйкес келтіруге бағытталған түзетулер енгізу көзделеді.
Азаматтық сот ісін жүргізу тараптардың жарыспалылығы мен тең құқылығы негізінде жүзеге асырылады. Бұл ретте тараптар тең процестік құқықтарды пайдаланады және олардың тең процестік міндеттері болады.
Сот шешіміне шағым жасау мүмкіндігі шығарылған шешімнің сипатына байланысты болмайды. Тараптар - арыз беруші де, жауапкер де (мемлекеттік орган, жергілікті өзін-өзі басқару органы, сайлау комиссиясы, лауазымды адам) тең жағдайда болуға тиіс.
Осы күні Мәжіліс «Құқықтық актілер туралы» Заң жобасын ілеспелі түзетулермен бірінші оқылымда мақұлдады.
Заң жобасы құқықтық актілерді екі топқа - нормативтік құқықтық және нормативтік емес құқықтық актілерге бөледі. Нормативтік құқықтық актілер ретінде қазіргі таңда қолданылып жүрген нормативтік құқықтық актілер мен олардың түрлері, нормативтік емес құқықтық актілер тобына нормативтік құқықтық актілерді ресми түсіндіру актілері, жеке-дара қолданылатын құқықтық актілер, мемлекеттік жоспарлау жүйесі саласындағы құқықтық актілер жатқызылды.
Заң жобалау қызметін жоспарлаудың жаңа нысаны - Парламент сайланымының кезеңіне арналған заң шығару жұмысының тұжырымдамалық жоспарын енгізу ұсынылып отыр.
Құжатты талқылау барысында Мәжіліс депутаттарынан, тұрақты комитеттер мен заңнама бөлімінен барлығы 200-ден астам ескертпелер мен ұсыныстар түскен.
Ал, ілеспелі құжат қолданыстағы заңнамалық актілерді «Құқықтық актілер туралы» Заң жобасына сәйкес келтіруге бағытталған.
Жалпы отырыста Мәжіліс депутаттары бірқатар ратификациялық құжаттарды қарап, оң баға берді. Атап айтатын болсақ, «Азаматтық немесе сауда істері бойынша сот құжаттары мен соттан тыс құжаттарды шетелде тапсыру туралы конвенцияны ратификациялау туралы».
Конвенция 1965 жылғы 15 қарашада Гаагада жасалған. Ол азаматтық немесе сауда істерінің сот құжатын немесе соттан тыс құжатты шетелге беру және тапсыру үшін жіберу қажет болатын барлық жағдайларында қолданылады.
Конвенцияға сәйкес әрбір уағдаласушы мемлекет басқа уағдаласушы мемлекеттерден келіп түсетін құжаттарды тапсыру туралы сұрау салуды қабылдау және қарау міндеті жүктелетін орталық органды тағайындайды.
«Каспий теңізінің су биологиялық ресурстарын сақтау және ұтымды пайдалану жөнінде келісімді ратификациялау».
Келісім Каспий теңізінің су биологиялық ресурстарын сақтау және ұтымды пайдалану, оның ішінде бірлескен су биологиялық ресурстарын басқару мақсатында жасалған.
Осы Келісімнің мақсаттарына қол жеткізу үшін тараптар бірлескен Комиссия құрады.
Тараптар бірлескен су биологиялық ресурстарын кәсіптік аулауды Комиссия белгілеген бірыңғай өлшем-шарттар негізге алынып айқындалған жалпы жол берілетін аулау, ұлттық квоталар, бірыңғай реттеу шаралары, заңсыз кәсіптік аулауға қарсы күрес жөніндегі өзара міндеттемелер және өсімді молайту жөніндегі шаралар негізінде жүзеге асырады.
Осы күні ратификацияланған Қазақстан мен Ресей арасындағы Байқоңыр қаласының білім беру ұйымдарын беру туралы үкіметералық келісім бойынша Ресей Байқоңыр қаласының Ресей Федерациясы юрисдикциясындағы білім беру ұйымдарын береді, ал, Қазақстан осы Келісімнің қосымшасы және ажырамас бөлігі болып табылатын тізбеге сәйкес білім беру ұйымдарын Қазақстанның юрисдикциясына қабылдап алады.
Тараптар білім беру ұйымдарын қабылдап алуды-беруді жүзеге асыру үшін бірлескен комиссия құрады.
Сонымен қатар, осы күні Мәжіліс мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеуге қатысты, сондай-ақ, Қазақстан мен Литва арасындағы адамдардың реадмиссиясы туралы үкіметаралық келісімді, Қазақстан мен Ресей арасындағы реадмиссия туралы келісімді және оны іске асыру тәртібі туралы атқару хаттамасын ратификациялауға байланысты заң жобаларын жұмысқа қабылдады.