Мәжілісте адами капиталдың бәсекеге қабілеттілігі және оны заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету мәселелері талқыға салынады

АСТАНА. 8 желтоқсан. ҚазАқпарат - 10 желтоқсан, жұма күні Мәжілісте «Адами капиталдың бәсекеге қабілеттілігі және оны заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету» тақырыбындағы ғылыми-практикалық конференция өз жұмысын бастайды.

Мәжілісте адами капиталдың бәсекеге қабілеттілігі және оны заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету мәселелері талқыға салынады

Конференцияға Парламент депутаттары, Мәжіліс жанындағы Қоғамдық Палатаның мүшелері, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, сондай-ақ білім және ғылым, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау министрліктерінің басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары, ғалымдар мен бірқатар мемлекеттік органдардың өкілдері қатысады.

Осы басқосуда Мәжіліс Төрағасының орынбасары, Қоғамдық Палатаның төрағасы Владимир Бобров кіріспе сөз сөйлейді деп күтілуде.

Конференцияда ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары Серік Ырсалиевтің, Қоғамдық Палатаның мүшесі, қаржы-экономикалық реформа және аймақтық даму секциясының жетекшісі, экономика ғылымдарының докторы Оразалы Сәбденнің баяндама жасайтыны көзделген.

Сондай-ақ Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Динар Нөкетаеваның, Қоғамдық Палата Төрағасының орынбасары, Қазақ гуманитарлық заң университетінің ректоры Мақсұт Нәрікбаевтың күн тәртібіндегі тақырып аясында баяндама жасайтыны қарастырылған.

Сонымен қатар «Назарбаев Университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамы атқарушы кеңесінің төрағасы Аслан Сәрінжіпов, Қоғамдық Палатаның мүшесі, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтары Федерациясының төрағасы Сиязбек Мұқашев, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті жанындағы Іргетастық зерттеулер институтының директоры Асқар Арынғазин, «Парасат» Ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі» АҚ басқармасының төрағасы Нұралы Бектұрғанов сөз сөйлейді деп күтілуде.

Конференцияның соңында ортақ пікірлер негізінде қорытынды құжат қабылданатыны жоспарланып отыр.